Архимед Мұхамбетов қаражатты жоспарсыз жұмсаған кәсіпорынды сынға алды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2012 жылы іске қосылған «Маслозавод Костаная» ЖШС өз жұмысын тоқтатты. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Айта кету керек, 2011 жылы «Маслозавод Костаная» ЖШС-не 88 млн теңге бөлінді. Аталған жоба Қостанай облысының Индустрияландыру картасына енгізілді.

«Қазір бұл кәсіпорын банкротқа ұшырау алдында тұр. Нысанның мүлкі мен өнімдері несиелеуші «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құрамына өтті. Тоқыраудың себебі ретінде кәсіпорындағы әлсіз менеджмент қарастырылды», - деді Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Иса Құдабеков.

Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов кәсіпорынның бөлінген ақшаны жоспарлы түрде жұмсағанына күмән келтірді.

«2011 жылы серіктестікке 88 млн теңге бөлінді. Ол кезде доллар бағамы төмен болатын. Мен бұл зауытта болдым. Шынымды айтайын, барлық ақшаның жоспарлы жұмсалғанына үлкен күмәнім бар. Құрылтайшылар жұмыс істегісі келмейді. Зауыт директорларының қандай қызмет атқарғаны да белгісіз. Сот-құрылыс сараптамалар жүргізілді ме? Мұны да ешкім айта алмайды», - деді өңір басшысы.

Архимед Мұхамбетов алдағы дүйсенбіде құқық қорғау органдары, прокуратура өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлерінің қатысуымен жиын өткізуді тапсырды.

«Кінәлілерді заңды тұрғыда жауапқа тартамыз! Бір де бір құжат жоқ. Бұл қалай болғаны? Банкротқа ұшырау процесі де жалған болуы мүмкін. Олардың 88 млн теңге бюджет қаржысын жымқырып отырғаны туралы сұрақ туындайды. Мен бұл мәселені өз бақылауыма аламын. Бөлінген әр тиын өз есебімен жұмсалуы тиіс!» - деді А.Мұхамбетов.

Соңғы жаңалықтар