Арбадағы биді меңгерген үржарлық өнерпаздар Санкт-Петербургты бағындырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Санкт-Петербург қаласында арбадағы би сайысынан дәстүрлі «Құрлықтар кубогы» аяқталды. 12 елдің мүмкіндігі шектеулі өнерпаздары қатысқан халықаралық жарыста Қазақстанның намысын қорғаған өнерпаздар жалпы командалық есепте үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының тумалары, қос өнерпаз Бағлан Манабаев пен Әлібек Төлегенов биыл ғана Астанада өткен республикалық деңгейдегі чемпионаттан жүлделі оралған болатын. Санкт-Петербургте 9-10 қыркүйек аралығында өткен кубок жарысына Бағлан және Әлібекпен бірге, Үржар аудандық әлеуметтік-медициналық орталықтың тәрбиеленушісі 11 жастағы Алексей Журавлев те барған. Бағлан мен Әлібектің осы уақытқа дейін де халықаралық сайыстарда бақтарын сынағанын айта кету керек. Екі жыл бұрын Санкт-Петербург қаласындағы он сегіз мемлекеттің өнерпаздарының қатысуымен өткен кубок жарысында қос өнерпаз бесінші орыннан көрінген болатын. Үржарлықтар бұл жолы көрсеткішін жаңартып отыр.
null 

Санкт-Петербургте өткен «Құрлықтар кубогына» Әзербайжан, Белорусия, Бельгия, Венгрия, Италия, Израиль, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Сербия, Словакия мен Финляндия елдерінің арбада отырып биді бағындырған өнер иелері жиналған.

8 қыркүйекте спортшылардың дайындығы сараланып, бір күннен кейін сайыс басталып кеткен. Екі күндік тартысты кубок жарысында 12 елдің мықтылары еуропалық, латынамериалық және ұлттық билері бойынша меңгерген билерін көрсеткен. Бұл жолғы сайыстың ерекшелігі - онда 10-16 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жеке кубоктың өткізілуі.
null 

Аталған жарыста Қазақстан атынан барған Алексей Журавлев жүлделі бірінші орынды иеленген. Ал бұған дейін де топ жарып жүрген Бағлан Манабаев қола медаль иеленіп, отандастарымыздың жетістігі жалпы есепте «Group Freestyle» номинациясы бойынша Қазақстанды үшінші орынға көтеріп отыр.
null 

Үржарлық өнерпаздардың арбада отырып биді бағындыруына мұрындық болған Үржар әлеуметтік-медициналық мекеме директорының орынбасары Рысқан Жанкүшікованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Жас өрендерді өрге сүйреп жүрген Рысқан Жанкүшікова өнерпаздарды спорт арбасымен қамтуда демеушілерді тартып, жастардың өнерін шыңдап келеді.

null null 

Соңғы жаңалықтар