Аралдың су маржандары Ресейге жіберілуде

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Ресей Федерациясының Ульяновск облысында екі елдің кәсіпкерлері бірлесіп балық өңдеу зауытын іске қосты. Арал теңізінен сүзілген дайын балық өнімдері бүгінде Москва, Санкт-Петербург, Нижний Новгород, Самара, Дондағы Ростовта, Қазан қалаларында сатылуда.

Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі хабарлады.

  Ауланатын су маржандарының түрлері көбейіп, балық зауыттарының саны артып келеді. Бұл жетістіктер жыл сайын көбейе түсетіндігіне ешкім шүбә келтіре алмайды. Өйткені, теңіз төсіндегі елдің келешекке сенімі бекем.
Тарихқа көз тігіп отырсақ, біздің балықшылардың сырт елде зауыт салғаны жоқ. Еуразиялық одақ құрылғанда аралдық кәсіпкер, "СПК Қызылорда балық" ЖШС-ның директоры Аманбай Ерхатов тың бастаманы қолға алуды ойлады. Ойдағысы оңынан орындалып, 2015 жылы ресейлік кәсіпкермен бірлесіп, Ульяновск облысында «Димитровград балық өлкесі» балық өңдеу зауытын іске қосты. Шикізат қойнауы құтты Арал теңізінен тасылады. Өңделетін өнім түрлері сан алуан. Көршілеріміз, әсіресе, қақталған балықты жиі қолқалайтын көрінеді. "СПК Қызылорда балық" ЖШС-ның атқарушы директоры Ғалымжан Зейнадинұлының айтуынша, бүгінгі таңда зауытқа 20 тоннаның үстінде балық жөнелтіліп отыр. Негізі балық зауыты жылына 1500 тонна балық өнімін шығаруға қауқарлы. 
        
 Заманауи технологиямен жабдықталған Ресейдегі зауыт 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған. Мың шаршы метр аумаққа орналасқан нысанның бой көтеруі Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығының, Еуразиялық одақ құрылуының нәтижесі.

  Қызылордада өткен телекөпірде ресейлік әріптестеріміз өндірістің қалыпты жұмыс істеп, экономикаға өзіндік үлес қосып отырғанын айрықша атады. Міне енді аралдықтар Ресейде зауыт салып, Еуропаға балық жөнелтіп отыр. Өткен жылы Ресей мен Еуропаға барлығы 3604 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды.

Соңғы жаңалықтар