Аралас жекпе-жек: төрешілер жеңісті Арман Оспановтың қарсыласына берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде аралас жекпе-жектен АСВ турнирінде қазақстандық Арман Оспанов пен ресейлік Алексей Полпудников кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Боец» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, ресейлік промоушеннің Absolute Championsip Berkut 77 турнирі аясындағы бұл жекпе-жек аса тартысты өтті. Бірінші және екінші раундта 28 жасар Арман өзінен үш жас кіші қарсыласын алып ұрып, біраз соққы жұмсады. Раунд соңдарына таман Алексей де есе қайырды. Әсіресе, алма-кезек шабуылмен өткен жекпе-жектің екінші кезеңі есте қаларлықтай болды. Ал үшінші раунд бойы Арман Оспанов ресейлікті тұрғызған жоқ. Әйтсе де төрешілердің шешімімен жеңіс 1:4 есебімен А.Полпудниковке берілді. Бұған залдағы көрермендер риза болмай, А.Полпудниковке сөйлетпей, гуілдеп тұрып алды. Ақыры Absolute Championship Berkut (АСВ) лигасының негізін салушы Майрбек Хасиев рингке көтеріліп, өзінің пікірінше, бұл жолы Арманның жеңгенін айтып, А.Оспанов пен А.Полпудников арасындағы үшінші жекпе-жектің Қазақстанда өтетінін хабарлады.

Бұған дейін А.Оспанов А.Полпудниковті 2013 жылы Сочиде өткен турнирде 58-секундта нокаутпен ұтқан болатын.

Бұған дейін А.Оспанов аралас жекпе-жектен сегіз рет жеңіске жетіп, біреуінде ғана ұтылған болатын. Бұл - оның екінші жеңілісі.
Мәскеудегі турнирде тағы бір қазақстандық Асылжан Бақытжанұлы өнер көрсетіп, ол ресейлік Муслим Махмудовты тізе бүктірді.

Арман Оспановтың әскери самбодан үш мәрте әлем чемпионы екендігін де айта кетейік.

Соңғы жаңалықтар