Аралас жекпе-жек: Орынборлық қазақ жігіті тағы бір бразилиялықты сабап тастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу қаласында аралас жекпе-жектен M-1 Challenge 85 турнирінде ресейлік қазақ жігіті, орынборлық Дамир Исмағұлов жеңіл салмақта бразилиялық қарсыласы Рожерио Матиас да Консейсаоны үш раунд бойы соққының астына алып, айқын басымдылықпен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Матч ТВ» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, осы жекпе-жекке жақсы дайындалған 26 жасар Дамир 31 жастағы қарсыласынан мықты екендігін танытты. Сөйтіп ол төрешілердің бірауыз шешімімен кәсіпқой жекпе-жектегі 13-інші жеңісіне қол жеткізді. Ал осыған дейін 13 жекпе-жек өткізген бразилиялық спортшының бұл үшінші жеңілісі еді.

Жекпе-жек соңындағы сұхбатында Дамир Исмағұлов өзінің ұрысына әкесінің тұңғыш рет арнайы келіп, тамашалағандығын айтып, жеңісін отбасына арнайтынын, барлық қолдаушыларына, соның ішінде қазақстандық ағайын-бауырларына алғысын жеткізді.

Айта кетейік, биылғы 26 мамырда Орынборда өткен M-1 Challenge 78 турнирінде Д.Исмағұлов жеңіл салмақта тағы бір ресейлік Максим Дивничті ұтып, жеңімпаз атанған болатын. Сол жеңісінен кейін Дамир: «Егер 60-ақ ауласы бар, ғаламторы жоқ ауылдан шыққан қарапайым жігіт М-1 бойынша әлем чемпионы белбеуін жеңіп алса, онда бұл сіздердің де қолдарыңыздан келеді. Біздің бұл ортақ жеңісіміз жас ұрпақ үшін үлгі болсын», - деген еді. 

Соңғы жаңалықтар