Әр науқастың жеке мүдделері ескерілуі керек - Біртанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда науқастарды емдеудегі дәстүрлі схемалық тәсіл жойылып, әр пациентті жеке емдеу тәсілі қолға алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қызылорда мен Маңғыстау облыстарындағы патронаж бойынша пилоттық бағдарлама нәтижелеріне арналған конференцияда мәлім етті.

"Бағдарламада бастауыш мекемелерді ары қарай жаңғырту пациентке бейімделген модель негізінде жүргізілетінін баса көрсеттік. Яғни, бәріне арналған әмбебап, дәстүрлі, схемалық тәсілден әр науқастың жеке мүдделерін, отбасын, ерекшеліктері мен өмір салтын ескеретін жұмыс үлгісіне көшуіміз қажет. Дәл осындай технологияларды серіктестерімізбен бірігіп жасап жатырмыз", - деді министр.

Сонымен бірге, Біртанов өлім-жітімнің азайғанын атап өтіп, бірқатар ауру түрлері бойынша науқастар санының көбейгенін баса айтты.

"Көптеген шараларды өлім-жітім көрсеткіштері бойынша бағалаймыз және көптеген көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізудеміз. Негізгі аурулар бойынша өлім-жітім азайып келеді, әлеуметтік есеп бойынша, ана мен бала, туберкулез  өлімдері де айтарлықтай төмендеді. Дегенмен, аурудың алдын алу мәселелері назардан тыс қалып, кейбір маңызды сырқаттар бойынша науқастар саны артып келеді. Мәселен, ересектер арасында жүрек-қан тамыр аурулары көп таралған. Тыныс алу мүшелері дерттерінің де көбейгенін көзге ілмедік. Өкпе ауруларына шалдыққандар саны жүрек-қан тамыр аурулары науқастарынан 2-3 есе көп. Балалар өлімі көрсеткіші азайып келеді, бұл жақсы, бірақ 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы аурулар мен жарақат алу жағдайлары жиілеп кетті. Демек, мемлекеттік бағдарлама аясында аурудан сақтандыру-алдын алу бағытына көңіл бөлгеніміз жөн", - деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік ,  2015 жылы ЮНИСЕФ пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі енгізген патронаж қызметтерін көрсету жөніндегі пилоттық жоба нәтижесінде Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы балалар өлімі айтарлықтай азайды. Екі жылға жуық уақыт ішінде қос өңірдегі патронаж қызметтеріне жалпы қанағаттану деңгейі 14%-ға өскен. Денсаулыққа қауіп төндіретін үш үрейлі белгіден хабардар жүкті әйелдер саны 63%-ға артқан. Емдеуге болатын сырқаттардан, жарақаттардан туындайтын балалар өлімі азайған және тек ана сүтімен тамақтанатын жаңа туған нәрестелер үлесі 14%-ға көбейген.  

Соңғы жаңалықтар