Анталияда қанша қазақстандық демалды

None
None
АНТАЛИЯ. ҚазАқпарат - Анталияға Қазақстаннан келіп демалушылар саны 2016 жылмен салыстырғанда биыл 88 пайызға артқан. Бұл туралы Анталия губернаторлығы Мәдениет және туризм басқармасының басшысы Ибраһим Аджар мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Қазақстаннан 2013 жылы 260 мың турист келсе, 2014-те 269 мың адам, 2015 жылы 268 мың, 2016 жылы Ресеймен арадағы оқиғаға байланысты 125 мың демалушы келді. Биыл, 2017 жылдың қараша айының соңындағы мәлімет бойынша 237 мың адам Қазақстаннан келді. Бұл былтыр көрсеткішке қарағанда 88 пайызға артқан. Биыл ең көп турист Ресейден келді. Сосын, Германия, үшінші Украина, одан кейін Англия, одан кейін Қазақстан тұр», - деді Ибраһим Аджар.

Ибраһим Аджар ҚазАқпарат тілшісімен болған сұхбатта қазақтарды анталиялықтар бауырлары ретінде қарсы алатынын айтты.

«Туризм саласында Қазақстанмен байланыстарымыз бар. Біз оларды бауырларымыз деп санаймыз. Анталия қаласында туризм саласында өтетін көрмелерге қазақстандық компаниялар белсенді қатысады. Қазақстаннан келетін туристер алғашқы бестікке кіреді. Туризм саласында Түркияда Ыстанбұл мен Анталияны атауға болады. Жалпы, 2014 жылы Анталияға 12 млн турист келді. 2016 жылы Ресеймен арада сызат түскенде 6,5-7 млн турист келсе, биыл келушілердің саны 10 млн-нан асты. Анталияда туристер үшін арнайы 625 000 орын бар.  Анталияда 1 мыңға жуық «жұлдызды» отельдер бар. Оның 400-і «5 жұлдызды» қонақ үй. Мысалы, Испанияның өзінде 400 «5 жұлдызды» отель жоқ.  Анталияда 640 шақырымдық жағалау, 1 650 туристік агенттігі бар. Жаз маусымында 3 мыңнан астам гидтер жұмыс істейді. Туризм саласындағы халықаралық ұйымдардың анықтауы бойынша Анталияда 200-ге жуық «көгілдір байрақ» деп аталатын таза, сенімді суға шомылуға арналған жағалаулар бар. Онда адамдар еркін, қауіпсіз демала алады. Анталияда 1000-ға жуық ежелгі қала бар. Біздің негізгі міндетіміз - шетелдіктерге жағдай жасау», - деді Ибрахим Аджар. 

Анталия қаласы Мәдениет және туризм басқармасының басшысы бір турист шамамен қанша ақша жұмсайтынын айтты.

«Бір турист Анталияда демалуға шамамен 700 доллар ақша жұмсайды. Гольф ойнауға, 5 жұлдызды қонақ үйге демалуға келгендер одан да көп ақша қалдырады. Анталияда туризм саласында қолданылатын азық-түліктен бастап, барлық қажетті заттар Түркияда жасалған. 98 пайыз жергілікті өнім пайдаланылады. Жалпы Түркия бойынша жылына 35 млн турист келетін болса, соның 65 пайызы Анталияда демалады. Туристер кем дегенде 1 аптаға келеді. Туристерге жаз маусымында қызмет көрсететін 200 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады», - деді ол.

Айта кетейік, бұл күндері Қазақстан-Түркия дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығы және Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай Түркия Республикасында Қазақстан журналистерінің баспасөз туры өтуде. Тур аясында журналистер Анкара қаласында 25 жылдыққа орай ұйымдастырылған салтанатты жиын мен ғылыми конференцияға қатысты. Осыдан кейін Анталия қаласындағы туризим ошақтарын аралап көрді. Бағдарлама бойынша қазақ журналистері Газиантеп қаласындағы сириялық босқындардың лагеріне барып, олардың жағдайымен танысады деп жоспарланған. 

Соңғы жаңалықтар