Анасы діни наным-сеніміне байланысты қан құйғызбаған бүлдіршін қыз көз жұмды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктемде  қатерлі бауыр ісігі анықталған 4 жасар Виктория Сусаева көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алайда, Викторияның қандай жағдайда қаза тапқанын бүлдіршін қыз химиотерапияның бірнеше курсын алған Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының дәрігерлері де, тіпті әкесі де білмей отыр. Анығы Наталья Сусаева қызын Үндістанға алып кетіп, қыз сол жақта көз жұмған. Бүлдіршіннің мүрдесі кремацияланып, күлі осы дүйсенбі күні Қостанайда жер қойнына тапсырылған», - делінген Діни мәселелер жөніндегі ақпараттық-консультациялық орталық таратқан ақпаратта.

Бұған дейін қыздың анасы Наталья Сусаеваның Иегова куәгерлері діни ұйымының мүшесі екендігі, діни наным-сеніміне байланысты қызына қан құйғызудан бас тартқандығы хабарланған болатын. Орталық мәліметінше, Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы онкология бөлімшесінің меңгерушісі Арман Әбенов анасының қандай ниетпен ота жасатудан бас тартқандығын білмейтіндігін айтқан және дәрігерлер қызды Үндістанға емдеуге алып кеткендігін білмеген.

Мамыр айында кішкентай қызды операцияға дайындап, сол үшін дәрігерлердің арнайы консилиумы да өткен. Бірақ, операция алдындағы түнде анасы дәрігерлерге айтпастан қызының жағдайының ауырлығына, ісік көлемінің ұлғайып кеткендігіне қарамастан кетіп қалған. Бұған қоса, дәрігерлер  діни ұйым мүшелері тарапынан медицина қызметкерлеріне қысым болғандығын да айтуда. «Иегова куәгерлері христиан қауымы» жергілікті өкілдігінің мүшелері қанды алмастыратын компоненттерді пайдалану қажеттігін айтып, табандап тұрып алған.

Қыздың әкесі Максим Сусаевтың айтуынша, Викторияның өмірден озғандығын ескертпеген және жерлеу шарасына шақырмаған. Осыған байланысты ол бұрынғы әйелін сотқа бермек ниетте. Ол бұрынғы әйелінің баланың жағдайы өте ауыр әрі өліп кетуі мүмкін екендігін біле тұра, ауруханадан алып кетті деп санайды.

Полиция Наталья Сусаеваның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы бойынша қылмыс қозғауы да мүмкін. Аталған бапқа сәйкес, кiнәлi кiсiнiң ол адамға көмек көрсету мүмкiндiгi болған және ол адамға қамқорлық жасауға мiндеттi болған не оны өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күйде қалдырған жағдайда елу айлық есептiк көрсеткiштен жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырма сағаттан жүз сексен сағатқа дейiн мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланады.

Зерттеу орталықтары қауымдастығының директоры Юлия Денисенконың айтуынша, «Иегова куәгерлері» Қазақстан аумағында ресми тіркелген діни ұйым саналады.

Айта кетерлігі, бұл діни-наным сенімге байланысты баланың өліміне жол берілген бірінші оқиға емес. Осыған дейін Шымкентте 9 айлық бала ауруханада мерт болған еді. Өйткені, «Иегова куәгерлері» діни ұйымының мүшелері болған ата-аналары сәбиге қан құюға рұқсат бермей қойған болатын.

Айта кетерлігі, кеше Үкімет үйінде өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Иегова куәгерлері» діни ұйымының Алматыдағы жұмысының тоқтатылуы мен анасының қызы Виктория Сусаеваға  қан құюына қарсы болуына қатысты  пікір білдірген болатын.

«Біздің заңнамамызға сәйкес Қазақстан тіркелген барлық діни бірлестіктер тең құқылы әрі заң алдында бірдей. «Иегова куәгерлері» діни бірлестігі Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестік саналады. Сондықтан ол заңнамаға сәйкес жұмыс істейді. Біздің ұстанымымыз бойынша, бұл ұйым экстремистік емес және бүгінгі күні оны толықтай жабу немесе оған Қазақстанда қандай да бір қысым жасау жоспары жоқ. Жалғыз ғана талап - заңнаманы сақтау. Алматыдағы жайтқа қатысты айтар болсам, сот шешімімен «Иегова куәгерлері» діни бірлестігінің жұмысы тоқтатылды. Жабылған жоқ, үш айға тоқтатылды. Бұл барынша жеңіл формасы. Ғибадат мекемелерінде терроризмге қарсы қорғаныс ережесі сақталмаған. Терроризмге қарсы қорғаныс ережесін құқық қорғау және күштік органдардың арнайы комиссиясы тексереді. Олар бұл ережелердің сақталмағандығын анықтады. Ұйғарым енгізілді. Алайда, бұл ескертулер мерзімінде жойылған жоқ. Сондықтан материалдар сотқа берілді және сот діни бірлестік қызметін үш айға тоқтату туралы шешім қабылдады», - деген болатын.

Оның айтуынша, егер бұл ескертулер жойылатын болса, онда діни ұйым өз қызметін жалғастыра алады. 

Соңғы жаңалықтар