«Ана үйі» жобасы аясында 312 бала мен ана пана тапты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нәрестесінен бас тартуды ойлап жүрген жас аналарға арналған «Ана үйі» жобасы аясында Қазақстанның әр облысында 20 орталық құрылған. Бұл туралы жоба авторы, танымал кәсіпкер Айдын Рахымбаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында мәлім етті.

«Соңғы кезде біздің Кремер Виктор, Жақсыбеков Дәурен, Алдияр Қазтаев, Қайрат Шәріпбаев сияқты кәсіпкерлердің арқасында «Ана үйі» тағы да Көкшетау, Павлодар, Петропавл және Тараз қалаларында ашылды. Нәтижесінде барша Қазақстан бойынша осындай 20 үй жұмыс жасауда», - дейді ол.

Жақын уақыттары Ақтау қаласында және Алматы, Ақтөбе мен Талдықорғаннан тағы бір-бір үйден ашылады деп жоспарлануда. Оның айтуынша, орталықтарға ағылған жас аналардың легі толастар емес.

«2013 жылы жобаны бастаған кезде 4 үй ашылған болатын. Жетімдіктің азабынан 34 баланы аман сақтап қалдық. Кейін Қазақстандағы кәсіпкерлерді осы жобаға атсалысуға шақырдық. 2014 жылдың 7 айы ішінде біздің үйлерде 278 ана нәрестелерімен пана тапты! Жалпы жоба аясында нәрестелі болған 312 анаға көмек жасалды. Меніңше, бұл біздің жобамыздың жетістігі, Қазақстан кәсіпкерлерін жұмылдыру барысында келген жемісіміз. Достар, қазір біз елдің әр облысында осындай үйлерді ашқаннан кейін сұрайтынымыз, әркімнің құлағына жетсін, болашақ аналардың теріс қадам жасамауына көп үлес қоса аламыз», - дейді А.Рахымбаев.

Айта кетейік, бұл жоба аясында түрлі қиын жағдайларға байланысты жаңа туған баласын тастап кетуді ойлап жүрген немесе болашақта балалар үйлеріне тапсыруға бел буған жүкті әйелдер осы үйлерде пана таба алады.

«Әдетте олар алғаш ана атанғалы жатқан, өзінің жүктілігімен жалғыз қалған жас қыздар. Баласынан бас тартып, кейін өмір бойы өкініп жүреді. Біз оларды бір немесе бір жарым жылға дейін осы үйлерге қамқорлығымызға алып отырамыз. Аспазшы, тігінші, шаштараз және өзге де мамандықтарға баулып, өмірдің қиындықтарын еңсеруге көмектесеміз. Әдетте алғашқы айларда-ақ жас ананың көңілі орнына түсіп, нәрестелерімен бірге өзінің туған-туыстарына қайта оралып жатады», - деп жазады меценат.

Соңғы жаңалықтар