Ана тіл - халықтың жан айнасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тіл халықтың ұлт болып қалыптасудағы ең басты құралы. Ал ана тілі - халық болып жасалғаннан бергі жан дүниенің айнасы. Ұлт жанашыры, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынов «Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз» деген болса, Қазақстанның халық жазушысы, академик Мұхтар Әуезов «Ана тілін білмейтін адам мәдениетті адам санатына қосылмайды» деген еді. Бұл дана сөздерден олардың ана тіліміз бен әдебиетімізге қаншалықты қамқор болғанын аңғарамыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың өзге ұлт өкілдері тілдерімен бірге, қазақ тілінің дамуына, өркен ­жаюына айрықша назар аударып келе жатқанын оның әрбір сөйлеген сөздерінен, жазған кітаптарынан жақсы білеміз. Ел аузында осы кезге дейін жатталып келе жатқан, бүгінде нақыл сөзге айналған «Екі қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін» деген ұлағатты сөзі мағынасы жағынан да, айтылу шеберлігі жағынан да тұғырлы тұлғаның ел-жұртына қамқорлығы деп түсінемін.

Нұрсұлтан Әбішұлы­ Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты кітабында Тәуелсіздіктің аса қиын кезеңдерінде Президентіміздің атқарған жұмыстары баяндалғаны белгілі.

Нұрсұлтан Әбішұлы «Тілге байланысты да таласты жайлар жеткілікті еді» деп сөз бастап, «...1989 жылы ма, 1990 жылы ма, бекітілген әлгі кесте бойынша, оңтүстіктегі облыс­тарды былай қойғанда, солтүстіктегі аудандардың біразында да ісқағаздарын қазақша жүргізуге ауысу тоқсаныншы жылдардың орта шенінде-ақ шешіліп қалуға тиісті еді... Кез келген әрекет қарсы әрекет туғызбай қоймайды. Кей жерлерде жаңағыдай пікірлерге жауап ретінде «Тілдер туралы» Заңның күшін жою талабы да қойыла бастады. Ал бұған тіпті де жол беруге болмайтын (337 бет)» дейді.

Сессияда өзінің бірнеше рет сөз алғанын, өзге депутаттардың да пікірлері мұқият тыңдалғанын, ақырында қазақ, орыс және басқа да тілдердің дамуы­на бірдей мүмкіндік беретін шешім қабылданғанын түсіндік. Бұдан бұрын да «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген Елбасымыздың мемлекеттік тіл мәселесіне жете мән беруі, күні кешегі халыққа арнаған кезекті Жолдауында да ана тіліміздің қазіргі жай-күйі, оның мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебеге ие жоғарғы орны туралы айтуы, оның тілге деген ерекше құрметін көрсетеді.
Біздің ендігі міндетіміз мемлекеттік тіліміз - айбынымыз екенін естен шығармай, оның көркемдігін, терең­дігін сақтаудың барлық шараларын атқара отырып, ұрпақтан-ұрпаққа өзге тілдермен шұбарланбаған, саф алтындай таза күйінде жеткізу.

Бүгінгі таңда Қазақстан әлеуметтік тұрақтылық орнаған, экономикасы өркендеп өскен, кешегі кеңестік елдер арасында экономикалық дамуы жөнінен қол жетпестей ілгері озған іргелі елге айналып, әлем жұртшылығын таңғалдырып отыр. Басқаларын айтпаған күннің өзінде, әлемнің алпауыт мемлекеттерінің өзі ішкі өнімнің құлдырауы салдарынан қиындықтар көріп, соңғы 15-20 жылдардың ішінде бірнеше дағдарыстарды бастан кешіріп отырған кезде, терең ойлы Елбасы іргетасын өзі қалаған Тәуелсіз мемлекетін қатерлі дағдарыстардан аман алып шыға білді.

Таяуда «Ақ жол - Жастар» жастар қанатында өткен басқосуда мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаевтың 125 жылдығын атап өту туралы, Елбасының Үндеуі мен Конституциялық реформасы туралы кеңінен сөз болды. Осы кезесулерде жастардың белсенділігі, білмекке құмарлығы, тәуелсіз мемлекетіміздің жан-жақты дамуына қатысты келелі, ойлы пікірлерін ортаға салып келе жатқандығы қуантты. Сол үдерістеріне сәйкес Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы көтеріп отырған елдік маңызы бар күрделі мәселелер де ­жастар тарапынан қолдау табуда.
«Мұратымыз - мәңгілік ел! Ақтық демім қалғанша, әл-дәрменім тал­ғанша, халық жүгін көтеруден қаш­паймын» деген Елбасымыз барлық Қазақстан халқын тәуелсіз еліміздің тұғырын бекіте түсуге жүмылдырады. Ұлы Даламызда Мәңгілік Қазақ Елі ­жасай беретін болады деп кәміл сенеміз.

 

Соңғы жаңалықтар