Ана мен балаға лайықты әлеуметтік қолдау көрсету - халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартудағы басты негіздердің бірі-Ә. Нүсіпова

None
None
АНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - Еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту және балалы отбасыларды қолдау мақсатында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ана мен баланы әлеуметтік тұрғыдан қолдау жаңаша сипатқа ие болды. Балалы отбасыларға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері жыл сайын ұлғайып келеді. Зейнетақы мен жалақының да мөлшері көбеюде.

Әлеуметтік маңызы зор бұл мәселенің қазіргі жай-күйін білу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нүсіпованы сұхбатқа тартқан едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Әсел Бекқызы, ана мен балаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жайлы кеңірек айтып берсеңіз.

- Елімізде ана мен балаға лайықты әлеуметтік қолдау көрсету - халықтың тұрмыс-тіршілігінің деңгейі мен сапасын жақсартудағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы назарында. Елбасы Жолдауларынан туындаған тапсырмаларға сәйкес, еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту және балалы отбасыларын қолдау мақсатында көптеген ізгі жұмыстар жасалуда. Мәселен, елімізде «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заң қабылданды. Оған сәйкес, республикамызда 2006 жылдан бастап мынадай төлемдер жүзеге асырылуда: бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы және отбасының табысына қарамастан бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты тағайындалатын және төленетiн ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы; сондай-ақ аз қамтылған отбасылардағы он сегіз жасқа дейiнгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы түрiндегі ақшалай төлемдер. 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы, отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда, отбасының асырауындағы он сегіз жасқа дейінгі әр балаға тағайындалады.

Сонымен қатар 2008 жылдан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі қосымша әлеуметтік тәуекел енгізілді. Ол бойынша жұмыс істейтін әйелдерге жүктілігі және босанғаны, жаңа туған сәбиді асырап алғаны, бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмi үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер төленеді. Бұндай әлеуметтік қолдау шаралары жұмысқа қыбылдау және босату кезіндегі гендерлік кемсітушіліктің алдын алуға; бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтімінде отырған жұмыс істейтін әйелдер мен тұлғалардың зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға; әйелдердің еңбектегі белсенділігін арттыруға және олардың экономиканың формальды секторына қатысуын ынталандыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы арнайы мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңға сәйкес, бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға отбасының табысына қарамастан жәрдемақылар, сондай-ақ марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төленеді.

- Биыл балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы кезекті рет ұлғайтылғанын білеміз. Бала санына шаққандағы төленетін жәрдемақының нақты мөлшері қандай?

- Мемлекет басшысының 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру үшін «Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Ол заңға сәйкес, 2010 жылы балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы кезекті рет ұлғайтылды. Нақтырақ айтсақ, 2007 жылмен салыстырғанда төрт және одан да көп бала туған аналарға берілетін бір реттік жәрдемақының мөлшері 4 еседен астамға ұлғайды және 70650 теңгені құрады. Ал, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін төленетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері бірінші балаға - 7772 теңгені, екінші балаға - 9185 теңгені, үшінші балаға - 10598 теңгені, төрт және одан да көп балаға - 12011 теңгені құрады. Сонымен қатар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған тұлғаларға төменгі айлық жалақы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы енгізілді.

- Ағымдағы жылдан бастап "Алтын алқа" және "Күміс алқа" белгісімен марапаттау үшін қойылатын талап өзгертілген еді. Сол жайында мағлұмат бере кетсеңіз.

- Иә, дұрыс айтасыз. Мемлекет басшысы қол қойған азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң бойынша 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Алтын алқа" және "Күміс алқа" белгісімен марапаттау үшін қойылар талап өзгертілді. Нәтижесінде 2010 жылдан бастап көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар жүзеге асырылуда. Соған сәйкес көп бала туған және тәрбиелеген аналарды "Алтын алқа" белгісімен марапаттау үшін балалар саны 10-нан 7-ге дейін, "Күміс алқа" белгісімен марапаттау үшін 8-ден 6-ға дейін төмендетілді. Бұрын бұл белгілермен марапатталған немесе "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері де 8 478 (6 АЕК) теңгеге өсірілді. Нәтижесінде, 2010 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақының жоғарылатылған мөлшерін алған марапатталған көпбалалы аналардың саны бір жарым есеге жуық ұлғайды және қазіргі уақытта 164,1 мың ана осындай жәрдемақы алады.

- Ал аз қамтылған отбасыларға қандай көмектер көрсетілуде?

- Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында, балалар жәрдемақысынан бөлек қолданыстағы заңнама бойынша отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға жан басына шаққандағы табыс пен кедейшілік шегі арасындағы айырма түрінде - атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде.

Сонымен қатар коммуналдық қызметтерді тұтынуға, үйін күрделі жөндеуге, байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігіндегі байланыс қызметтеріне, жергілікті атқарушы органның жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге кететін шығындары белгіленген шекті нормадан асып кететін отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетілуде.

- Жақында Мәжілісі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл заң жобасы қандай мақсатты көздейді?

- Бұл құжатқа сәйкес, Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген міндеттерін жүзеге асыру көзделеді. Атап айтқанда, заң жобасында 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 30 пайызға арттыру жоспарланған. Бұл ретте зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыстың шегін 32 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру, ал әскери қызметшілер қатарынан шыққан зейнеткерлер үшін 86 АЕК-тен 104 еселенген көрсеткішке дейін көтеру көзделеді. Бұл қазір зейнетақы алып жүрген зейнеткерлер және зейнеткерлікке енді шыққан зейнеткерлер үшін теңдей жағдай жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі еліміздегі 8 мың теңге шамасындағы базалық зейнетақыны есепке алғанда, 2011 жылы Қазақстандағы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 мың 47 теңгені, ал орташа мөлшері 35 мың 950 теңгені, ең жоғарысы 52 мың 226 теңгені құрайтын болады.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар