Алжир Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына мүше болғысы келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президентінің Арнайы уәкілі - сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов жұмыс сапарымен Алжирге барды. 

Сапар барысында Арнайы уәкіл Алжир Премьер-министрі Әбделмалік Селлальмен кездескен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында тараптар елдер арасындағы саяси, экономикалық, инвестициялық және мәдени салалардағы екіжақты ынтымақтастыққа байланысты мәселелер жиынтығын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимылдың келешегін талқылады.

Сонымен қатар, Арнайы уәкіл Қазақстан мен Алжирдің Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы әріптестік деңгейінің өте жоғары екендігін атап өтті. Ол Алжирдің Солтүстік Африка аймағындағы тұрақтылықты сақтауда басты рөл атқарып отырған ислам әлеміндегі ең ірі мемлекеттердің бірі екеніне назар аудара отырып, 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында өтетін ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар бойынша бірінші Саммитіне қатысуының маңыздылығы туралы Қазақстан Президентінің жолдауын тапсырды.

Өз кезегінде А. Селлаль Астана саммитіне жеке өзінің қатысатынын қуаттап, Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына (ИАҚҰ) қатысты бастамасына қолдау жасайтынын айтты. Алжир Премьер-министрі жуық арада Ұйымның жарғысына қол қоюға және оның толық құқықты мүшесі болуға дайындығын растады.

«Бұдан бөлек, Арнайы уәкіл Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің жұмысына Алжир тарапының қатысатындығы үшін алғыс айтып, ол іс-шараның Алжир үшін өз жетістіктері мен балама энергетика саласындағы жаңалықтарын көрсететін платформаға айналатындығына сенім білдірді. Сондай-ақ сапар барысында А. Камалдинов Алжир Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Хассан Рабехимен және министрліктің басты департаменттерінің директорларымен әртүрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты белсендіру мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Жақын арада Қазақстан-Алжир үкіметаралық комиссиясын құру туралы, екіжақты негізгі құжаттарға қол қоюға және делегация алмасу туралы келісімге қол жеткізілді», - делінген баспасөз баянында.

Соңғы жаңалықтар