Алыстағы ағайынның Атамекенге сағынышы басеңдемесе екен - әнші, композитор Халық Ризабекұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне міне, биыл 25 жыл! Ширек ғасыр уақытта Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында етек-жеңіміз жиналып, Қазақстан әлем таныған өркениетті ел болды.

Қазақ елі тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, Елбасы алыстағы ағайынды елге шақырып, ұлы көштің бағытын Қазақстанға бұрды. Елге ел қосылды. Ұлы көшпен бірге сап алтындай сақталған қазақ мәдениеті, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрі, өнері келді. Көшпен бірге келген жас бала бүгінге атпал азаматқа айналды. Сол күнгі бозбала, ақыл тоқтатқан ағаға айналды. Бұл күнде әр салада қызмет көрсетіп, қазақ елінің мәдениетіне, экономикасына өзіндік үлестерін қосып келді. Осыған орай ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі «Ұлы көш - кемеңгер көшбасшы» деген жаңа айдарды іске қосты. Жобаның басты мақсаты елге келіп еңбегі сіңген ағайындарды таныстыру, тәуелсіздіктің қадірін сезіндіру, Елбасының ерен еңбегін насихаттау.

Бүгін оқырманға елге келіп еңбек етіп, қазақтың ән қоржынына сүбелі туындылар қосып жүрген белгілі композитор, әрі әнші қазақ радиосының дыбыс режиссері Халық Ризабекұлымен болған сұхбатымызды ұсынамыз.

- Қазақ еліне қашан келдіңіз? Елге келген соң алғашқы қолға алған жұмысыңыз қандай болды?

- Мен 2008 жылы асқақ арманмен Алматыға атбасын тіредім. Қытайда композиторлық, музыка бағытында білім алғанмын. Алматыға келген соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына  сырттай  оқуға түсіп, білімімді жалғастырдым.  Оқи жүріп, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда әнші және музыка өңдеуші болып жұмыс жасадым. Музыка өңдеу жағын үйрендім. Оқу бітіргеннен кейін Қазақ радиосы музыка редакторлыққа жұмысқа шақырды. Сонымен 2012 жылы Астанаға келіп қазірге дейін Шалқар және Қазақ радиосының музыка редакторы болып жұмыс жасап келемін. 

null  

- Жақында шығармашылық кешіңізді өткізгелі жатыр екенсіз...

- Иә, Алла бұйырса, қазанның 15-і күні Қазмедиа орталығының концерт залында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап «Берекелі қазақ елі» деген атпен есеп беру кешімді өткізбекшімін. Бұл кеш менің елге деген сағынышымның, махаббатымның жемісі. Сонымен бірге тәуелсіздікке деген тартуым, кемеңгер кошбасшы Елбасына деген алғысым деп білемін. «Туған елдің қадірін шет жүргенде білерсің», демекші тәуелсіздіктің қадірін алыстағы ағайын ерекше бағалайды. Жарқын тәуелсіздік болмаса, егеменді елім болмаса, ел бастаған Нұрсұлтан Әбішұлындай Көшбасшымыз болмаса, менің Астана төрінде бұлай кеш өткізіп жатуым да қалай болар еді. Мен тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнайы «Ұлы дала» деген ән жаздым диапазоны да кең, дархан даламызды елестететін ән. Бұл тәуелсіздік -  ұлы даламыздың тәуелсіздігі, ұлы даладағы ұлы елдің тәуелсіздігі. Отанымыз  мәңгілік болсын деген асқан арман бар бұл әнде. Кешімді осы әнмен ашпақшымын.  

Биылғы жыл мен үшін атаулы даталарға толы жыл болып тұр. Қарашаңырақ қазақ радиосының  95 жылдығы, Шалқар радиосының 50 жылдығы, шығармашылықта жүргеніме 20 жыл, өзім 40 жасқа толып жатырмын дегендей (күлді). Осы мерейлі даталарды қамтып бір кеш берудің де реті келіп қалды.  Кешке Нұрлан Өнербаев, Майра Ілиясова, Рамазан Стамғазиев, Өмірқұл Айниязов, Гүлзира Бөкейхан, Сая Есенгелдинова, Ғалымжан Жолдасбай және басқа да қазақ өнерінің жұлдыздары қатысады.

null  

- Бүгінге дейін қанша ән жаздыңыз? Әндеріңіз қандай тақырыпта?

- Ән қоржынымда 70-ке жуық ән бар, көбін қазақ еліне келген соң жаздым. Туындыларымның 60 пайызы елге, жерге арналған отаншылдық тақырыпта. Әндерім сахна саңлақтары Роза Рымбаева, Нұрлан Өнербаев, Мақпал Жүнісова, Талғат Күзембай, Жанар Айжанова сынды әншілердің репертуарында орындалып жүр.  2015 жылы «Елім менің» Республикалық композиторлар байқауында бірінші дәрежелі марапатқа ие болдым. Сол жылы Республикалық әскери әндер байқауында «Сарбаздар» деген әнім бірінші орынды еншіледі. Сонымен бірге 2015 жылы мәдениет басқармасының тапсырмасымен  «Берекелі қазақ елі» атты ән жазылып, бұл әнім  Елбасын ұлықтау кезінде орындалды. Қазақстан ұлттық арнасы осы әнге арнайы бейнебаян түсірді. Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындары қарсаңында боксшыларымызға арнап «Жекпе-жек» деген ән жаздым. Еліміздің спортшылары толағай табыстармен оралып жүр. Боксышыларымыз әрдайым байрағымызды биіктен желбіретіп келеді. Бүгінгі күннің батырлары осылар. Жігіттеріміз аман болсын!

null  

- Сіздің орындауыңыздағы «Жақсы адамдар» деген авторлық әніңіз ел жүрегінен орын алып кең таралып жүр. Осы әннің шығу тарихы туралы айтып берсеңіз?

- «Жақсы адамдар» әні, Атажұртқа атбасын тіреген алғашқы жылдарда жазылды.  Қазақтың кең байтақ даласын көріп, таза ауасын жұтып ерекше тебіреністе болдым. Алдымнан ылғи жақсы адамдар жолықты, жұмыстарым сәтімен шешіліп отырды. Өмірде жақсы адамдар көп болсын, елге қорған болатын, көмек қолын соза білетін мейірімді жандар аман болсын деген ниетпен осы ән өмірге келді.

- Сұхбатымыздың соңында «ҚазАқпарат» оқырмандарына, өзіңіздің сүйікті тыңдармандарыңызға айтар ақ тілегіңіз?

- Мен жалпы қазақ елін тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тағы бір мәрте құттықтағым келеді. Еліміз Мәңгілік Ел болсын! Ұрпақтарымыз қиындық көрмесін, батырларымыздың қанымен келген ұлан-байтақ жеріміздің ұлтарақтай жерінде елге бастырмай көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек.  Қазақстан бұл әлемдегі барлық қазақтың арқа сүйер тірегі. Шетелде жүрген қандастар атамекенге атбасын бұрса деймін. Жақын күндерден бері Ұзынағашта болған қанды оқиға, жұртты дүрліктіріп, шетелде тұратын қандастарымызды да абыржытып тастады. Ел болған соң ортада тентегі де бар, қоғамда әртүрлі адамдарға толы. Жалпы қылмыс бұл бүкіл әлемде болып тұрады. Оған бола қазақ еліне деген көзқарасымызды өзгертпеуіміз керек. «Қол сынса жең ішінде»  дейді сабыр қылайық. Алыстағы ағайынның  атамекенге деген сағынышы бәсеңдемесе деймін.

null  



Сұхбаттасқан: Ризабек Нүсіпбекұлы

Соңғы жаңалықтар