Алтынбек Баяндин: Елбасы бастамасы баспана мәселесін шеше алмаған азаматтарға үміт ұялатып отыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елбасының жаңа ипотекаға қатысты бастамасы баспана мәселесін шеше алмаған азаматтарға үміт ұялатып отыр. Бұл туралы Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесінің әкімшісі Алтынбек Баяндин айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, Елбасымыз 5 әлеуметтік бастамада арқылы тұрғындардың әлеметтік жағдайын көтерудің келесі белесіне жол ашып берді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының кешегі отырысын бастан аяқ тыңдап шықтым. Онда алға қойылған 5 әлеуметтік бастамада ағымдағы жылдан бастап 7 пайыздық ипотекалық несие беріле бастау қажеттігі айтылды. Шынымен баспананың зарын тартып жүрген адамдардың бірі ретінде бұл жаңалықты аса қуанышпен қабылдадым. Бұл бастама баспана мәселесін шеше алмай жүрген азаматтарға үміт ұялатып отыр», - дейді Алтынбек Баяндин.

Оның айтуынша, осыған дейін елімізде үкімет тарапынан үй-күйсіз жүрген жандарды «Қолжетімді баспана - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспанамен қамтамасыз ету қолға алынған болатын. Оны жүзеге асырудың бір жолы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына жүктелген еді. Бұл тұтынушыларға ұсынылып отырған баспаналы болудың жаңа әрі оңтайлы жолы болып саналады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке жалға берілетін үйлердің санын көбейту үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, оны жүзеге асыру туралы тапсырма берген болатын.

Оған қоса, соңғы жылдары «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сияқты мемлекеттік бағдарламалар қолға алына бастады.

Елбасының бұл жолғы бастамасы халыққа жеңілдетілген несие беру арқылы тұрғындардың пәтерге деген мұқтаждығын  толық шешіп бермесе де, кезектің ілгері жылжитынына нақты арқау болып отыр.

«Президент бастамалары жаңа заңдар, жаңа нормативтік-құқықтық актілер қабылдау арқылы сапалы түрде жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл баспанаға мұқтаж тұрғындарға жеңілдетілген ипотеканы екінші деңгейлі банктер арқылы да алуға мүмкіндік берер еді. Жасыртыны жоқ, бүгінгі таңда  Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ғана жеңілдетілген ипотекалық несие беріліп жатыр. Ал, бұл банктің барлық өңірде бөлімшелері жоқ. Өз басым баспана мәселесін бір банкке қаратып қойған дұрыс емес деп есептеймін. Құны кем дегенде 6-7 миллион теңге тұратын автокөліктерді жеңілдетілген пайыздық көрсеткіштермен екінші деңгейлі банктер несиелеп жатыр ғой. Халықты автокөліктен гөрі, ең бірінші баспана мәселесі толғандырады. Сондықтан, бір ғана Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қарап отырмай, екінші деңгейлі банктерді осыған тарту құптарлық. Халыққа қай банк ыңғайлы болса, содан жеңілдетілген ипотекалық несие алғаны өте маңызды. Сонда кезек те тез жылжиды әрі банктердің арасында бәскелестік туып, қызмет сапасы да, тіпті, тұрғындардың банктерге деген сенімі де арта түсер еді», - деді Алтынбек Баяндин.

Соңғы жаңалықтар