«Алтын қалам» үздік шығармаларды ағылшын тіліне аударып, халықаралық аудиторияға шығармақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің ұйымдастырушылары жаңалықтарымен бөлісті.

Қоғам қайраткері Айдос Сарымның айтуынша,  қазіргі таңда 2 халықаралық жүлденің ұйымдастырушыларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Болашақта біріккен Орталық Азия жүлдесі пайда болады деп жоспарлап отырмыз. Оның жеңімпазының жұмысы  ағылшын тіліне аударылады. Бұл оларға халықаралық дәрежедегі байқауларға қатысуға жол ашады», - деді Айдос Сарым.

Сондай-ақ, биыл өтетін байқауға бірқатар өзгерістер енгені белгілі болды.

Атап айтқанда, «Дарабоз» балалар шығармашылығы жазушылары байқауы мен «Алтын қалам-2017» әдеби жүлдесі бірікті.

Байқау нәтижесінде 2 кітап жарық көреді.

Ұйымдастырушылардың бірі Қуат Домбайдың айтуынша, екі байқаудың бюджеті бірігуінің арқасында жүлдегерлердің еңбектерін ағылшын тіліне аудару қолға алынбақ.

«Меломан» желісі арқылы ішкі нарыққа, Amazon Kindle арқылы халықаралық аудиторияға таратамыз. Бұл мүлде өзге нарық. Осылайша қазақ әдебиетін әлемнің мәдени картасына орналастырамыз. Мұның бәрі ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асып отыр», - деді Қуат Домбай.

Белгілі болғандай, жүлде барысында көбіне проза жанрындағы еңбектер түсіп жатыр. Ұйымдастырушылар фантастика, детектив жанрындағы еңбектердің аздығын айтты.

«Бізге өзіміздің Кариб теңізінің пираттары керек,  батырлар туралы повестер керек. Әсіресе, жасөспірімдер аудиториясына ауадай қажет әдеби шығармалар жоқтың қасы. Өйткені, дәл осы кезде жастардың сана-сезімі қалыптасады», - деді Қ.Домбай

Айта кету керек, «Алтын қалам» байқауы бойынша шығармалар биыл 8 аталым бойынша сынға түседі. Жеңімпазға «Жерсу» инвестициялық-өндірістік корпорациясы атынан 1 млн. теңге көлемінде сыйлық алады.

Сондай-ақ, биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толғанына байланысты Алашорда тақырыбында жазылған үздік шығарма Есенқұл Маманұлы атындағы арнайы сыйлыққа ие болады.

Байқауға қазақ және орыс тілінде жазылған шығармалар ақпаннан бастап қыркүйектің 15-іне дейін қабылданады.

Соңғы жаңалықтар