«Алпамыс батыр» алғаш рет музыка тілінде сөйледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ халық аспаптары оркестрі «Алпамыс батыр» музыкалық театрландырылған концертін сахнаға шығарып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Астана концерт залында алғаш рет бастан-аяқ орындалған көлемді музыкалық туындының авторы - жас композитор Арман Жайым.

Бұл концерт аталған өнер ұжымының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында көрермен назарына ұсынған айрықша тартуы болды. Бір сағаттың үстінде орындалған шығарма театрландырылған көріністерімен, яғни, рөлде ойнаушылар мен музыканың өзара үндестігімен ерекшеленді.

Қилы кезеңнің қасіреттері, аумалы-төкпелі заманның трагедиялық көріністері, жаугершілік тұсындағы қазақ халқының бастан кешкен қиындықтары, Алпамыс батырдың жауға қарсы күресі - бәрі-бәрі музыка тілімен баяндалды. Әрі соған орай аталған туындының кейіпкерлерін көрермендер сахнадан көре білді.
null 

Бір айта кетерлік жайт, Қазақ халық аспаптары оркестрінің құрамында кәсіби актерлер болмағанмен, «Алпамыс батыр» жырындағы кейіпкерлерді өнер ұжымындағы әншілер мен бишілер сахнаға лайықты шығара білді. Атап айтқанда, жыраудың рөлін - Нұрай Танабаев, Алпамыс - Аян Омаров, Гүлбаршын - Лаура Минеева, Тайшық хан - Данияр Мұқан, мыстан кемпір Индира Ғабдрахманова, Кейқуат - Олжас Мырзабаев сомдады. Бишілер өнерін «Шалқыма» би ансамблі ұсынды.

Қазақ халық аспаптары оркестріне осы ұжымның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов дирижерлік жасады.

Концерт соңында сахнаға көтерілген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов: «Тарихсыз ел болмайды. «Алпамыс батыр» жыры да қазақ халқының бастан кешкен қиын кезеңдерін суреттейтін эпос. Бүгін аса күрделі шығарманы сахнаға шығарғандарыңызға біздер өте таңғалдық әрі риза болдық. Жүректі тебіренткен, көрген адамдардың есінде мәңгі қалатын өнер кешін тамашаладық. Жастардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыратын дәл осындай шығармалар. Мұндай концерттерді халыққа жиі көрсету керек. Қиын шығарманы ұсынған оркестр ұжымына көрермен ретінде біздер басымызды иеміз»,- деп ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ осы концертті тамашалаған құрметті қонақтардың бірі композитор, күйші Айтбай Мұздаханов: «Арман Жайымның оркестрге арналып жазылған бұл көлемді туындысы туралы пікірімді бір-ақ сөзбен айтар болсам, «Алпамыс батыр» музыкалық еңбегін дүниежүзінің кез келген елінің сахнасына шығарсақ, мәртебемізді өсіретініне айқын көзім жетті!»- деді.

ҚазАқпарат тілшісіне өз пікірін білдірген Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов: «Өте кәсіби деңгейде жазылған туынды. Бұл музыкалық шығарма «Алпамыс батыр» эпосының образын толыққанды ашты деуге болады»,- десе, ал өнер жанашыры Оңғарбай Дәнебеков: «Алпамыс батыр» шығармасының сахналануы жоғары деңгейде өтті. Опера, либеретта түрінде жазылған музыкалық туындыны көрермендер өте жылы қабыл алды. Бұдан кейін үлкен сахналарда да орындалады деген сенімдемін. Өйткені Алпамыс батыр - бүкіл түркі халқына ортақ тұлға. Сондықтан тек Қазақстанда ғана емес, көрші елдердің сахналарында да опера түрінде қойылатын тамаша туынды деп есептеймін. Осындай музыкалық еңбегін халыққа ұсынған Арман Жайымға шығармашылық табыстар тілейміз»,- деді.

Тартымды шыққан туындының бас режиссері Астана мемлекеттік академиялық филармониясының көркемдік жетекшісі және бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Әбдірахманов, режиссері Асхат Қошаев.

Соңғы жаңалықтар