Алмазбек Атамбаев үлкен саясатқа қайта келуі мүмкін - ҚХҚК

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев басқарушы партияның төрағалығына сайлануы мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы Ерлан Қарин айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қырғызстанның партиялар майданында саяси белсенділік артуы әбден мүмкін. Себебі Алмазбек Атамбаев үлкен саясатқа қайта оралмақшы. Жақын арада ол Қырғызстанның басқарушы партиясы - социал-демократтардың жетекшілігіне келеді деген болжам бар. Сөз жоқ, бұның бәрі осы елдің ішкі өміріне өз әсерін тигізеді. Қырғыз сарапшыларына сенсек, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау да өтуі мүмкін», - дейді саясаттанушы Ерлан Қарин.

Ал Ирандағы қазіргі жағдайға қатысты сұраққа саясаттанушы көрші Қырғызстанды мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, белгілі бір шиеленістер кезінде болжамдар көп болады. Ал нақты сараптама, соның ішінде аймақтық сараптама жасалмайды. Біз, көп жағдайда, ішкі мәселелермен шектелеміз.

«Қазір Иран дейміз, осы жолы біз Қырғызстанның өзін үш-төрт ай талқыладық та, қойдық. Ал ертең ол жақта тағы бір тосын жағдай туындап жатса, біздің сарапшылар Қырғызстандағы ішкі саяси күштердің арақатынасын, кімнің қандай бағытта, қандай көзқарасы мен жоспары бар екенін дөп басып, айта алмайды», - деп атап көрсетті Е.Қарин.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесі (ҚХҚК) биылғы жылдың маңызды оқиғаларын жариялады. Сарапшылардың айтуынша, ағымдағы жылда Орталық Азияның экономикасы өседі.  Бұдан бөлек, Орталық Азия басшылары 2005 жылдан бері алғаш рет кездесуі мүмкін деген болжам бар. 

Соңғы жаңалықтар