Алматының жылына 7 млн турист тартуға әлеуеті бар - шетелдік сарапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан халықаралық «International Mountain Sports Festival» фестивалінде андоралық сарапшы, PGI Management компаниясының басқарушы директоры Джоан Виладомат ҚазАқпарат тілшісіне берген арнайы сұхбатында Алматының тау-шаңғы спортына 7 млн турист тартуға болатынын айтты.

- Бүгінгі форумға сіз қандай тәжірибеңізбен бөлісу үшін келдіңіз?

-Адамдар тау-шаңғы спорты бойынша курорттарды дамыту барысында көп қателіктер жасайды. Біз солардың алдын алуға көмектесеміз. Шымбұлақтың да қателігі көп болды, бірақ қазіргі уақытта дұрыс даму жолына түскен. Сәл тарихқа шегініс жасайын, Андора өте кедей мемлекет болған. Қазір қарасаңыз тау-шаңғы демалыс орындары арқасында оның экономикасы жақсы дамыған. Андорада балалар 10 жасынан тау-шаңғы спортымен айналысады. Менің әкем Андорада алғашқы болып, тау-шаңғы демылыс орнын 1953 жылы ашқан. Ол қазір дамып үлкен бизнеске айналды. Қазақстан инвестиция салып, осы саланы дамытуға күш салуы керек, оның механизмдері өте көп.

- Тау-шаңғы спортына қанша адам тартуға болады?

- Андораға жылына 2,5 млн адам тау-шаңғы спортымен айналысуға келеді. Сол қонақтардың 5 пайызы ресейліктер. Алматыда егер осы сала дамыса, Ресейдегі тау-шаңғы спортымен айналысатындар Европаға барғаннан гөрі осында ағылар еді.

- Алматыдағы тау-шаңғы спортын дамыту үшін сіздің ойыңызша неден бастау керек?

- Инфрақұрылымды дамыту керек. Курорттардың санын көбейту керек. Тау-шаңғы спорты бойынша қызмет қол жетімді болуы керек.

- Джоан мырза, баяндамыңызда Алматыға тау-шаңғы спортына жылына 7 млн турист тартуға мүмкіндігі бар екенін айттыңыз, осыны тарқатып, сараптамаңызға негіз болған себептерін айтсаңыз...

-  Сіздерде ұсыныс болса, адамдар міндетті түрде келеді. Үндістан, Қытай, Ресейдің туристері сөзсіз келеді. Біз мұны есептеп көрдік. Алматы Үндістан мен Қытай туристерінің қызығушылығын арттырары сөзсіз. Мысалы біздің Аргентинадағы курортымызға қытайлықтар келеді, олар үшін тау-шаңғы спорты дамыған Алматыға келу тиімдірек болады. Сол үшін мықты инфрақұрылым мен көбірек курорттар салу керек.

- Сіз қолыңыздағы мәліметтерге қарай отырып, Алматының тау-шаңғы спортының әлеуетін қалай бағалар едіңіз? 

-  Біріншіден, әуежай қалаға жақын, ол - жақсы. Екіншіден, инвестиция салу керек қорықпай. Үндістан мен Қытай туристерін тартатындай жарнаманы жақсарту керек. Сіздерде керемет таулар бар, әсем табиғат бар, бұл - ең бастысы. Алматыдағы курорттар Еуропаның деңгейін жеткен жоқ. Шымбұлақ салыстырмалы түрде алып қарасақ, үлкен курорт орны емес. Сондықтан, адамдарды барынша мол тарту үшін тек тау-шаңғы спорты емес, өзге де спорт түрлерін көбейту қажет. Мысалы, гольф кортын ұйымдастыруға болады. Спорт түрі, көрсетілетін қызмет түрі сан алуан болса, туристер тартылады. Біздің консалтингтік компаниямыз Әзербайжанда қызмет етіп жатыр, 10 адамымыз қызмет көрсету, дамыту жағынан көмектесуге аттанған. Бұл мәселеде бізде дайын стратегия бар.

-Қазақстандық компаниялармен байланыс орнату жағынан қандайда келісімшарт жасалды ма?

-Жоқ, біз, осы форумға сондай үмітпен келдік. Біз Шымбұлақпен бірге жұмыс істейміз, бірақ арамызда ешқандай келісімшарт жоқ.

-Қызмет құндарыңыз қаншалықты екенін білуге болады ма?

-Курорттан табатын табыспен салыстырғанда біздің консалтинг қызметіміздің құны төмен болып көрінеді.

-Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар