Алматының Алмалы ауданында қанша ескі үй сүрілетіні белгілі болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Алмалы ауданында барлығы 135 ескі үй сүрілетін болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Жасұлан Естенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алмалы ауданының әлеуметтік экономикалық даму нәтижелері туралы есеп берген Жасұлан Естенов 1930 жылдары салынған ескі үйлердің орнын жаңа зәулім тұрғын үй кешендері салынатынын айтты.

«Алмалы ауданында сүрілуге кетеді деп жоспарланған 135 ескі үй бар. Оның барлығын ешкім бір күнде сүріп тастамайды. Біз ескі үйлерді сатып алатын инвесторлар іздеп жатырмыз. Төле би мен Әуезов көшесінде инвестормен жұмыс басталды. Ондағы 4 ескі үйді инвестор сатып алып жатыр. Қазіргі уақытта сатып алу жұмыстарының 99 пайызы бітіп тұр. Бүгінгі таңда инвестор барлық қажетті құжаттарды алды. Ондағы 1 пәтер иесімен ғана келіссөз жүріп жатыр. Ол жерге жаңа тұрғын үй кешендері салынады. Инвесторлар ондағы пәтер иелерімен әртүрлі формада келіссөздер жүргізді. Біреулерінен пәтерді ақшаға сатып алса, енді біреулерімен жаңа үй салынғанда пәтер беруге келісіп, үй жалдап беріп отыр. Дәл осындай екі ескі үй Гоголь мен Наурызбай көшелерінің қиылысында бар. Сондай-ақ, Жамбыл мен Байзақов көшелерінің қиылысында екі үйді инвесторлар сатып алмақ. Ол үйлер 1930 жылдары салынған», - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, аудан әкімі тұрғындардың орташа айлық жалақысы 184 316 теңгеге жеткенін айтты.

«Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8% жоғары. Одан бөлек, 4148 жұмыс орны құрылды. Ауданда кәсіпорындар қарқынды дамуда. Өнеркәсіптің ең ескі және бірегей кәсіпорындары: ашытқы зауыты АЗТМ, «Бахус» АҚ, «EurasianFoodCorporation» және т.б. өздерінің инвестициялық жобаларын жүзеге асырып, өндірісті жаңғыртуда»,-деді аудан әкімі.

Соңғы жаңалықтар