Алматыны дамыту драйверінің бірі туризм болуы тиіс - Қырықбаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 600-ге жуық туристік компания бар. Жыл басынан бері 200 мың адам Алматыға қонаққа келді. Алматылықтар бизнеспен айналысуға барынша бейім, - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев бүгін ашылған халықаралық «International Mountain Sports Festival» фестивалі аясындағы форумның ашылуында. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Арман Қырықбаев қалада  медициналық, спорттық, мәдени- танымдық, экологиялық, іскерлік, шопингтік  туризм түрлері дамып келе жатқанын айтты. Ол тау туризміне айрықша назар аударылып отырғанын айтты.  

«Алматы - Қазақстанның экономикалық локомотиві. Алматылықтар бизнеспен айналысуға бейім. Алматыда 600-ге жуық туристік компания бар. Биылдың өзінде жыл басынан бері 200 мың адам Алматыға қонаққа келген. Мемлекет басшысының тұрақты қамқорлығы арқасында Алматыда заманауи спорттық инфрақұрылым қалыптасты, соның арқасында түрлі деңгейдегі спорттық шаралар өтуде. Биыл біз қалада Бүкіләлемдік қысқы студенттік ойындарды өткіздік, бұл мегаполисті әлем жұртына қысқы туризмнің халықаралық орталығы ретінде көрсетіп, бұқаралық спортты дамытуға әрі спорттық  ірі жетістіктерге жетуге тың серпіліс берді», - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Арман Қырықбаевтың айтуынша, қазіргі кезде қалада 166 қонақ үй, хостел, кемпинг, 2 мыңнан астам дәмхана, мейрамхана, 19 театр, 20 мұражай, 14 көркем галереясы мен көрмелер жұмыс істейді.

«2016 жылы республика бойынша шетелге 9 млн адам шықса, соның 3 миллионға жуығы алматылықтар. Алматыны дамытудың негізгі драйверінің бірі туризм болуы тиіс, оның үстіне осы салада жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік мол», - деді ол.

Қала басшылығының айтуынша, Алматы өзінің табиғи-географиялық, геосаяси ерекшелігіне орай, әлемдік тау туризмін дамытуға  айтарлықтай үлес қосып келеді. Мысалы, таяуда жарияланған «Worldwide Costof Living» рейтингте Алматының өмір сүру мен жұмыс істеу үшін барынша жайлы әрі арзан қала екендігі айтылған.

 Айта кетейік, бүгінгі халықаралық форумға әлемнің 10 елінен, соның ішінде Испания, Германия, Грузия, Ресей, Украина, Қытай, Австрия және басқа елдерден спикерлер қатысты. 

«Warth» тау шаңғысы курорты мен «Warth Holdind GmbH» басқармасының бас директоры, австриялық Гюнтер Оберхаузер  курорттың қала экономикасына ықпалы туралы, «PGI Management  бас директоры Джоан Виладомат, Андорра тәжірибесі негізінде Қазақстан тау-шаңғысы индустриясын дамыту туралы айтты. Форум барысында қысқы спорт түрлері бойынша Қытай қауымдастығының бас менеджері, Beijing Wanda Culture Industry Group бас директорының орынбасары  Бин Ву Қытайдағы таушаңғысы индустриясының дамуы жөнінде әңгіме қозғады.

Соңғы жаңалықтар