Алматылық түлектер лимузинге мініп, қымбат мейрамханаға бармайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова Алматыда биыл мектеп бітіру кеші қалай өтетіні туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда 5-6 жылдан бері бітіру кештері ауқымды өткізіліп отырған жоқ. Мектеп аясында ешқандай лимузин, қымбат мейрамханаға бару болмайды. Аттестатты тапсыру салтанаты күндізгі сағат 11-12 шамасында мектеп ішінде өткізіледі. Оған ешқандай жұлдыздар шақырылмайды, тек ата-аналар мен ұстаздар қатысады. Биыл да 15-маусымда салтанатты шара осылай өтеді», - деді Гүлнар Ходжабергенова.

Оның айтуынша, аттестатты қолға алған соң  кейбір ата-аналар мектеп бітіру кешін ауқымды өткізу туралы бастама көтерген.

«2-3 апта бұрын осындай даулы оқиға туралы естідік. Мен айтар едім, ешбір мектеп директоры ақша жинап, көлемді шара өткізбейді. Ал, ата-аналардың құқығын ешкім шектемейді», - деді Г.Ходжабергенова.

Басқарма басшысы 15 маусымда кешке Алтын белгі иегерлеріне арнап «Жас түлек» фестивалі өткізілетінін айтты.

 «Биыл қалада 514 түлек Алтын белгі алуға үміткер. Әлі мектепте аттестациялық емтихан бар. Олардың саны азая түсуі мүмкін. Былтыр 417 түлек Алтын белгі нәтижесін растаған болатын», - деді басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар