Алматылық суретші «Темір Генаны» 3 млн теңгеге сатпақшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық Азамат Ануарбек «Темір Генаны» 3 млн теңгеге сатпақшы. Одан түскен қаржының басым бөлігін автор жол апатынан екі аяғынан айрылған келіншекке көмек ретінде бермекші. Бұл туралы Азамат Ануарбек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Азамат, сіздің осы мәлімдемеңізден кейін хабарласып жатқандар бар ма?

- Иә. Кешеден бері 20 шақты адам хабарласты. Олардың басым көпшілігі Астанадан. Елімізге белгілі бизнесмендер, белгілі тұлғалар хабарласып жатыр. Қазір кешке дейін бір адам келемін деген Астанадан. Ол кісі «сұраған сомаңды берейін, бірақ картинаны көрме залына қойсам» деген ойын білдірді.

- Сонда өз жұмысыңызды қаншаға бағалап жатырсыз?

- Қазір 3 млн теңге деп отырмын. Басында 1,5-2 млн деп бағалағам. Бірақ кейін жол апаты салдарынан аяғынан айрылған Катя Парафиева деген келіншекке көмектессем деген оймен 3 млн деп қойдым. Қымбатырақ сатсам, көбірек көмектесем деген оймен. Кешеден бері хабарласқандардың ішінде 200 000-ға сұрап жатқандар бар. Ал шегемен сурет салуға тек материалдың өзіне 200 000 теңге кетеді. Оның ішінде өзімнің еңбегім бар тағы да. Сондай ақылға сыймайтын ұсыныс жасап жатқандар бар.

- Құпия болмаса, сатып алатын кісі кім екен?

- Айта алмаймын. Ол кісі қарсы болуы мүмкін. Егер мәміле болып жатса,  ол қарсы болмаса суретке түсіріп жариялаймын. Ол кісінің қызығушылық танытқанының өзі төбемді көкке жеткізіп жатыр.

- Сіз суретшісіз бе? Бұл хоббиіңіз қағазға сурет салудан басталған шығар?

- Ең бірінші мен Ілияс деген ағамның туған күніне арнап сурет салғанмын. Сол жұмысым адамдар тарапынан жоғары бағаланған соң амбициям өсіп, өз күшіме өзім сеніп, одан да үлкенірек жобаларға кірісе бастадым. 

- Шегемен сурет салу үшін ең алдымен күш керек пе?

- Шегемен сурет салу көп күш қажет етпейді. Тек Будда храмының шаолиньдері құсап отыру керек, өте көп төзім керек. 1 шегені 5-8 рет қағу керек. Онда 56 мың шеге тұр. Өзіңіз ойлай беріңіз, оның бәрін қағып шығу үшін қанша төзім керек. Бірнеше балға сынды. Қолымды талай ұрып алдым. Қазір қолым тіптен ауырмайтын болды.

- Шегемен сурет салудың қағазға сурет салудан ерекшелігі бар шығар

- Иә. Жұмыс процесінің өзіндік ерекшелігі бар. Оны бас кезінде мен де білмеген екем. Ең алдымен оның рамасын жасау керек екен. Сосын барып ағашын қағып, артынан шегемен жұмыс жасау керек. Енді ол қателіктердің бәрін ескеретін боламын.

- Болашақта тағы қандай кейіпкерлердің шегеден жасалған бейнесін көреміз?

- Болашақта Алаш зиялыларының шегеден жасалған бейнесін көретін боласыздар. Биыл Алашорданың құрылғанына 100 жыл толады. Осыған орай көрме өткізгім келеді. Жоспарда 25 сурет бар. Бірақ, оның бәрін салуға қаражат жетпейді. Егер, демеушілер табылып жатса, қолдан келмейтін нәрсе жоқ. 25 суретті 3 айда бітіруге болады. Қазанның басынан Қазақстанның барлық өңірлерін аралап шықсам деген ой бар. Ең соңғы көрме Астанада немесе Семейде болады. Өйткені, Семей қаласы - Алашорданың астанасы. Оны музейге қабылдаса, құба-құп. Олай болмаса, тура «Гена» сияқты сатып, қолымнан келгенше адамдарға көмектесемін. Түсінбейтін біреулерге сыйлағым келмейді. Одан да картинаны түсінетін, бағалайтын адамдарға сатып, біреулерге көмектесейін. Интернетте қазір біреудің бақытсыздығының арқасында танылғың келеді деген пікірлерді де оқып жатырмын. Адамдар не үшін жақсылық жасағысы келмейді? Өйткені ол қиын екен. Қоғамның негатив ойларынан қорқады. Бұл соңғы рет жасаған көмегім емес. Келесі бастап жатқан жұмысымда тек шеге болмайды. Оны да реті келсе мұқтаж адамға көмектесу үшін сатамын.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар