Алматылық дәрігерлер МӘМС аясында ауруханаға жату мәселесін түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлемнің озық тәжірибелерінің бірі - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қажетті көмек алу мәселесі халықты алаңдатып отырғаны ақиқат. Жаңа жүйе бойынша адам қай жағдайда стационарлық көмек ала алады? Ал шұғыл түрде ауырып түскен жағдайда қалай болмақ? Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі №5 қалалық аурухананың бас дәрігері Садықов Болаттан МӘМС аясында стационарлық көмекті қалай алуға болатындығын анықтап білді.

«Шынымен де бұл мәселе халықты алаңдатып отыр. Ең бірінші кезекте айтарым, сақтандыру қаржысы төленген жағдайда адамдар алғашқы медико-санитарлық көмек берушілердің нұсқауымен ауруханаға жата алады. Немесе медициналық ұйымның жоспарлы стационарлық көмегі аясында жатқызылады. Бұл әлеуметтік маңызы бар ауруларға қатысты емес. Ал, шұғыл түскен жағдайда оған нұсқау керегі жоқ. Шұғыл жағдайда ауруханаға жатқан адамдар Мемлекеттік тегін медициналық көмек беру көлемі аясында емделетін болады. Ал сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылмайтын адамдар, МӘМС қорына ақша төлемейтін адамдар  мемлекеттік тегін медициналық көмек беру көлемі аясында көмек ала алады», - деді Болат Садықов.

Маманның айтуынша, МӘМС аясында ауруханаға жату үшін белгілі бір мекенжайда тіркелу шарт емес.

«Шұғыл жатқан адамға тіркеуі жоқ болса да көмек көрсетіледі. МӘМС аясында медициналық көмек тұрғылықты жеріне қарамастан кез-келген адамға бірдей көрсетіледі. Тек ең бастысы Медициналық ұйымның сақтандыру қорымен келісімшарты болу керек»,- деді ол.

Адамдарға жинаған ақшам емделуге жете ме деп алаңдауға еш негіз жоқ дейді мамандар.

«Халық жинаған ақшам жете ме деп алаңдаулы. Бірақ, мұндай алаңдаушылыққа еш негіз жоқ. Себебі, сақтандыру жүйесі жинақ емес. Қандай төлем салынса да сақтандыру жүйесінің қатысушысы кез-келген медициналық қызметке қолжеткізе алады. Шығындарды сақтандыру жүйесі төлейді. Сақтандыру қорымен жасалған келісім бойынша барлық материалдық және еңбек ресурстары медициналық ұйымның мойнында болады. Науқастарға дәрі сатып алу, тамаққа төлеудің қажеттілігі жоқ. Стационарлық емдеудің барлық шығындарын қор өз мойнына алады. Егер дәрі жоқ болған жағдайда, медициналық мекеме дәрінің баламасын табуы тиіс», - деді ол.

Айта кету керек, елімізде 2017 жылдың шілдесінен бастап МӘМС жүйесі енгізілгені белгілі.

Бүгінде ҚР азаматтарының сақтандыру қорына төлеген төлемдері 14 млрд теңгеге жетті.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарналарды төлеуге өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған тұлғалар да кірісе бастайды.

Ал мемлекет жарна төлеуден әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған 14 санаттағы тұлғалар үшін төлейтін болады.

Жалдамалы жұмысшылар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылатын болады.

ҚР Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс екендігін айтқан болатын.

«Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек.

Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын», - деген болатын мемлекет басшысы. 

Соңғы жаңалықтар