Алматылық ару Англияда жылдың үздік суасты фотографтарының бірі атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының тұрғыны Надежда Кулагина түсірген фотография «Жылдың үздік суасты фотографы» атты британдық байқауда «Суға батқан кеме» аталымы бойынша 4 және 6-орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Underwater Photographer of the Year»  суасты фотографиясы халықаралық байқауының қазылар алқасы 2017 жылғы жеңімпаздарды атады. Ең үздік түсірілімдер қатарында қазақстандық Надежда Кулагинаның түсірген фотосы да бар. Ол соңғы 7 жыл бойы су астында суретке түсірумен әуестеніп жүр. Надежданың мамандығы  аудармашы. Өткен жылы ол әріптестерімен бірге Суданға барып, Қызыл  теңіздің түбіне сүңгіп қайтқан болатын. Солардың бірін ол суға батқан итальяндық «Умбрия» кемесін зерттеуге арнады.
 

Оның «Елестер бар бөлме» атты суреті «Суға батқан кеме» аталымында 4-орын иеленді.
 

Қазылар алқасының назарын су астындағы кеме іші мен оған терезе арқылы түскен күн сәулесі бейнеленген өлі тыныштық жағдай аударған.

«Батып кеткен кеме суреті айрықша таңданыс тудырады. Әсіресе күн сәулелерінің орналасу реті барынша тартымды. Автор өз суретінде сәуле мен көлеңке ойынын тамаша көрсете алған», - деді қазылар алқасының мүшесі Мартин Эдж.

«Суға батып кетіп, қайырлап бүйірімен жатқан кемеден менің назарыма күн сәулесі түсіп тұрған сол бөлме ілікті. Иллюминатор арқылы сыздықтай түскен сәуле тылсым жағдай туындата отырып, өте әдемі көрінді. Мүмкіншілікті қалт жібермей суретке түсіріп алдым», - деді Надежда өзі түсірген сурет жайында.
 

Оның айтуынша, байқауға әлемнің 67 елінен фотограф қатысқан.

Айта кетейік, 1965 жылы Ұыбританияда Бернард Итон «Underwater Photographer of the Year» байқауының негізін  қалаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар