Алматыдағы музейге Ақан серінің домбырасы тапсырылды

None
None
   АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ықылас атындағы халық аспаптар музейі қорына Ақан серінің домбырасы тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақан серінің тарихи домбырасын музей қорына жазушы Сәкен Жүнісовтің ұрпақтары тапсырған. Әдебиет сүйер қауымға белгілі жазушы Сәкен Жүнісов Ақан сері өміріне арнап роман жазған. Жазушы екі томдық романды жазу барысында домбыраны Көкшетаудан тапқан. 
null 

Бүгін Ақан сері домбырасының музей қорына қабылдауына орай жыр кеші өтті. Әнші Жоламан Құжыманов,  Рамазан Стамғазиев, Талғат Әбуғазы, Гүлсім Арысбаева бастаған дәстүрлі әншілер Ақан серінің «Шәмшіқамар», «Маңмаңгер»,  «Балқадиша» әндерін шырқады. Кешке Алматы әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жеке мәдениетіміз бен ұлттық кодты сақтауға үлкен мән берілгендігін,  ал бұл еліміздің  мәдени жетістіктерін бүкіл әлемге паш етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясаты  арқасында қазақ халқының мәдени- рухани мұрасы  қайта жаңғыруда. Соның жарқын мысалы ретінде бүгінгі  күні мұражайда 100-ден астам музыка аспаптары мен басқа да киелі заттар сақталған әрі олардың қатары жыл сайын жаңа экспонаттармен толығуда.  Біз бүгін ерекше саяси оқиғаның куәсі болып отырмыз, Ықылас мұражайының қорына ұлы  ақын Ақан серінің жеке домбырасы беріліп отыр», - деді  Бауыржан Байбек.

«Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні - бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», делінген болатын. Бұл бағытта ұлт пен ұрпақ үшін көтерілген маңызды мәселелерді іске асыру мақсатында, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, ұлттық өнерді жасаушы тұлғалардың жәдігер мұраларын жинауды қайта өрбітуде. Осыған орай, ұлттық руханиятымыздың қалыптасып дамуына зор ықпалын тигізген, қазақ өнерін биік шыңға көтеріп соңында өшпес із қалдырған, Арқа сал-серілік өнері дегенде есімдері бірінші болып аталатын - Ақан сері мен Біржан сал болса, ғасыр асып Ақан серінің қолына ұстаған қара домбырасы музей қорына алынды», - деді кешті жүргізуші Мұрат Әбуғазы.

null 

Айта кетейік, аталған музейде Біржан салдың да домбырасы сақталған.

Ақан сері 1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Үлкен Қоскөлдің маңында дүниеге келген, 1913 жылы дүниеден озды.  Ақан серінің музыка туындылары қазақ өнерінің өркендеуіне зор ықпалын тигізді. Оның шығармаларын белгілі әншілер Ә. Қашаубаев, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов және тағы да басқалар ел игілігіне айналдырды. Қазақстан композиторларының симфониялық және опералық шығармаларына кеңінен енгізіліп, Ақан әндері екінші өмірін бастады. Серінің өмірі мен тағдыры туралы Ілияс Жансүгіров  «Құлагер» поэмасын, Ғ. Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты» драмасын, С. Жүнісов «Ақан сері» романын жазды.
null null 

Соңғы жаңалықтар