Алматыдағы бокс кеші: Иса Ақбербаев қарсыласын нокаутқа жіберді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы уақытта Алматыда өтіп жатқан бокс кеші аясында бірінші ауыр салмақтағы IBO нұсқасы бойынша интерқұрлықтық чемпион, Global Boxing Council нұсқасының үш дүркін әлем чемпионы Иса Ақбербаев өзінің чемпиондық атағын қорғап қалды.

Бірінші раундта-ақ Қазақстан боксшысының ауыр соққысын алған Германия боксшысы Майк Курцвейл нокаутқа түсті.

Айта кетейік, «ҚазАқпарат» Иса Ақбербаевты қалың жұртшылыққа етене таныстыру үшін оның бокстағы жетістіктері туралы жазған болатын.

Иса Ақбербаев кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 2009 жылы өткізді. Жетінші жекпе-жегінде WBC нұсқасы бойынша Азия чемпионы атанды.

2013 жылдың қаңтар айында АҚШ-та жергілікті боксшы Энтони Феррантемен жұдырықтасты. Ферранте Исаны 10-раундта нокаутқа жіберді. Дегенмен, көп ұзамай, америкалықтың қанынан допинг табылып, жекпе-жек нәтижесі жойылды.

2015 жылы ақпан айында Иса Ақбербаев 1-раундта аргентиналық боксшы Рубен Анxель Миноны сұлатып салды.

2015 жылдың маусым айында Берлинде бразилиялық Жулио Сезар Дос Сантосқа қарсы өткізген кездесуде Global Boxing Council нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулын сәтті қорғап шықты. Қазылар 117-110, 117-110, 116-111 есебімен жеңісті қазақстандыққа берді.

2016 жылы сәуірде 7-раундта венгр Габор Халасты нокаутпен жеңіп, Global Boxing Council белдігін екінші мәрте қорғап шықты.

Еске салайық, бұған дейін, қазақстандық Али Ахмедов, Айдар Шәрібаевтар шаршы алаңға шығып, екеуі де грузиялық қарсыластарын жекпе-жектің алғашқы раундында нокаутқа жіберген болатын. Сондай-ақ, 6 раундтық рейтингтік жекпе-жекте украиндық Валентин Куцпен қолғап түйістірген Берікбай Нұрымбетов төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. 








Соңғы жаңалықтар