Алматыда жол ақысы 150 теңгеге өскелі «Оңайдың» табысы артты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы көлік холдингі» ЖШС сараланған тариф енгізілгелі бері қоғамдық көліктерде «Оңай» картасы арқылы жасалатын транзакциялар екі есеге артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, 1 тамыздан бастап Алматының қоғамдық көліктеріне сараланған тариф енгізілді. «Оңай» картасын қолданушылар 80 теңге төлесе, қолма-қол есеп айырысу 150 теңгені құрайды. Бұл ретте, «Оңай» картасы арқылы барлық жеңілдіктер сақталған.

Сараланған тариф енгізілген екі аптаның ішінде «Оңай» картасы арқылы 7 584 651 транзакция жасалған. Бұл сараланған тариф енгізілгенге дейінгі  18-31 шілдедегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге (3 466 599 транзакция) артық. Сондай-ақ 1 тамыздан бері қолма-қол есеп айырысу төрт есеге азайған - 2 134 371 транзакциядан 477 376-ға.   

«1-14 тамыз аралығында Алматы автопарктерінің түсімі 524 487 940 теңгеге жетіп, екі апта бұрынғы табыстан асып түсті, шілденің соңғы екі аптасында (сараланған тариф енгізілгенге дейін) түсім 314 249 570 теңге болған. Тамыздың алғашқы аптасымен салыстырғанда «Оңай» арқылы жасалған транзакциялар 9 пайызға артып, 518 568 мыңнан 564 984-ке өскен. Қолма-қол төлеу 307 275 транзакциядан 170 101-ге азайды», деп хабарлады холдингтің баспасөз қызметінен. 

Соңғы жаңалықтар