Алматыда «Ұлы дала елі» халықаралық этно-фестивалі өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат. - Алматыда 24 қараша күні М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында түркі тілдес елдердің жыршылары қатысатын «Ұлы дала елі» атты халықаралық этно-фестиваль өтеді.

1000 жылдық тарихы бар алып шаһарда осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған этно-фестиваль елімізде ғана емес, күллі түркі әлемінде көне мұраны көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан жыршы-термешілердің асыға күтетін салтанатты кешіне айналған. Айтулы шара қазақ, қырғыз, ноғай, түркімен, қарақалпақ, башқұрт, өзбек елінің жыр-термелі орындалып, түбі бір түркінің әдебиеті мен мәдениеті, ділі мен дәстүрі ортақ екенін танытты.

Биыл да Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстаннан шақыртылған жыршылар «Көрұғлы», Қарақалпақ халық термесі сынды тарихы терең шығармаларды орындап, тыңдаушыларын тәнті етпек.

Сонымен қатар, Сыр, Орал, Маңғыстау өңірінің жыраулық өнерінің хас шеберлері, бүгінгі қазақ жыршыларының ақсақалдары Хатимолла Бердіғалиев, Бидас Рүстембеков, Өсербай Сәрсенбаев бастаған жыршы-термешілеріміз өнерлерін ортаға салады.

Сахнада Мұрат Мөңкенің «Үш қиян» дастаны, Сүгірдің толғауы, Нартайдың бастауы, Майлықожаның «Жақсы бір адам қартайса» термесі, Балтабасов Түменнің «Маңғыстау» дастаны орындалады.

Өнер кешінде жас жыршылар да халық алдына шықпақ. Дәлірек айтсақ, Уатхан Шаттық, Жұлдыз Ысқақова және Рауан Әбілбаев ұлт мұрасының тұнығынан нәр татырмақ.

Кеште айтылатын жыр-терменің шығу тарихы баяндалып, оның жеткізушісі жайында әдемі әңгіме өрбиді.

Соңғы жаңалықтар