Алматыда түнгі клубтар мен кальян-барларда жүрген балалар ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерге қатысты рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, инспекторлар  кейбір жасөспірімдерді түнгі клубтардан, кальян-барлардан, базарлардан тапқан.

«Алатау аудандық ІІБ инспекторлары базарда қас қарайғанша жұмыс істеп жүрген жастарды тапты. Олардың көпшілігі сырттан келген. Балалардың ата-аналарымен әңгіме жүргізілді», - деді қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаева.

Қараусыз жүрген балалардың 300 ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Кальян-бар мен түнгі клубтарда ертең сабаққа баруы тиіс жасөспірімдер жүр. Олардың ешқайсысының қасында ата-анасы жоқ», - деді инспектор.

Сонымен қатар компьютерлік клубтардың 7 иесіне қатысты әкімшілік іс сотқа жіберілді.

Сонымен қатар жасөспірімдерге ішімдік сату деректері де анықталған.

«Алмалы ауданында азық-түлік дүкенінің сатушысы баланың жасын сұрамастан сыра сатқан. Дүкен қожайынына қатысты ҚР ӘқбК 200-бабының 1-тармағымен әкімшілік іс қозғалды», - деді Лейла Әліпбаева.

Осы тектес құқықбұзушылық үшін 7 адам әкімшілік жазаға тартылған.

Соңғы жаңалықтар