Алматыда «Туған жер» бағдарламасының іске асу барысы баяндалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігінде Мемлекет басшысының қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы ұзақмерзімді жобасы - «Туған жер» бағдарламасының жүзеге асуы талқыланды.

«Қала әкімдігінде түрлі сала мамандарынан құралған жұмыс тобы жасақталған. Сондай-ақ, академиктер, шығармашылық өкілдері, саяси партия өкілдері, барлығы  28 адамнан тұратын сарапшылар тобы бар. Аталған қос топтың атқарушы органы ретінде 9 қалалық басқарманың қызметкерлері кірген жобалық кеңсе тағайындалды.

Кеңсе жетекшісі  - ішкі саясат басқармасы бөлімінің жетекшісі Лаура Іргебаева», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Айта кету керек, аталған бағдарлама аясында қалада 84 шара белгіленген.

Білім беру саласында мектептерде «Туған жердің тарихы» факультативті пән өткізіледі. Сабақ барысында мұғалімдер Алматының 1000 жылдық тарихын баяндап береді.

Сондай-ақ, оқушылар арасында туған ел тарихын танудан байқау өтеді. Жас тарихшылар слеті, ғылыми-тәжірибелік конференция жоспарланып отыр.

Аймақтық экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында ПИК-тер, коммуналдық қызмет өкілдері арасында байқау, сенбіліктер, тарихи мәдени ескерткіштерді тазалау жоспарлануда.

«Кіші отанды қолдау» бағдарламасы бойынша қаладағы материалдық көмекке мұқтаж жандар анықталмақ. Қазіргі таңда ондай жандардың саны 70 мыңға жетті. Әкімдік мониторингті әлі де жалғастыруда. 

Сондай-ақ, инфрақұрылымы ескірген әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтеді.

«Басты назарды бизнесті қайырымдылыққа тартуға бағыттаймыз. Қалада 170 мың ШОБ субьектісі бар. Бүгінде бизнесмендер әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуда көп үлес қосып келеді. Атап айтқанда, құны 12 млрд теңге болатын 20 ірі әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Қарғалы өзенінің жағалауын қалпына келтіруге 110 млн теңге бизнес өкілдерінен тартылды», - деді А.Қырықбаев.

«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жоспары республикалық жұмыс тобының тұжырымдамасына сай жазылды.

Соңғы жаңалықтар