Алматыда студенттік жатақханалардың құрылыс жобасы таныстырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Мирас" республикалық кеңесінің мүшелері Алматы қаласындағы университеттердің студенттерімен кездесіп, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында салынатын жатақханалардың жобасымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңес мүшелері Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттерінің студенттерімен кездесіп, олардың жатақханадағы жағдайымен танысты.

Сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның студенттер қалашығында болып, жатақханалардың құрылыс жобасымен танысты.

Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың айтуынша, жоспарланған жаңа екі жатақхананың құрылысына орта есеппен 6-7 миллиард теңге қарастырылған. Олардың жалпы ауданы 45 500 шаршы метрді құрайтын болады, бөлмелер саны - 543.

Атап өтілгендей, әрбір салынатын шаршы метрге 450 АҚШ долларынан жұмсалады. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бұл цифраның Астанамен салыстырғанда аз екендігін атап өтті.

"Шаршы метріне 450 АҚШ долларынан келсе, бұл Астанамен салыстырғанда түк емес. Елордада бір шаршы метріне 627 АҚШ долларынан жұмсалып отыр", - деді ол.

Ұлттық университет басшысы Елбасының қолдауымен бұл жоба алдағы бір айда өз жұмысын бастайтынын жеткізді. Оның айтуынша, студенттерді жатақханалармен толықтай қамту арқылы шетелден келетін студенттердің санын арттыруға болады. Қазіргі таңда, аталмыш ЖОО-да 1500-ден астам шетелдік студент білім алуда.

Сондай-ақ "Нұр Отан" партиясының өкілдеріне ҚазҰУ-ның студенттер қалашығында бой көтеретін №2 Ғалымдар үйінің құрылыс жобасы  таныстырылды.

Айта кетейік, еліміз ЖОО-ларында білім алып жатқан 530 мың студенттің 204 мыңы өзге елді мекендерден келген жастар. Жатақханаларға сұраныс Алматы қаласында - 21 557, Астана қаласында - 14 239, Қарағанды облысында 8253 адамға жетіп отыр. Жалпы республика бойынша 77 500 студент жатақханаға мұқтаж.

Жолдас Өрісбаев

Соңғы жаңалықтар