Алматыда шет елдегі қазақ жастарының өнер фестивалі өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 7 қазан күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында шет елдігі және оралман қазақ жастары арасында «Алматы - тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты өнер фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дәстүрлі бұл шарада сурет көрмесі, ақындар мүшәйрасы және термешілер сайысы өтеді.

Оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

Фестивальдің басты мақсаты: шетелдегі дарынды қазақ жастарының бейнелеу, поэзия және музыка өнерлеріндегі шығармашылығын қолдау және оны насихаттау.

Оған 35 жасқа дейінгі жастар бұрын еш жерде жарық көрмеген туындыларын ұсына алады. Өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасының шешімімен үздіктер әрбір өнер түрі бойынша Бас жүлде және І, ІІ, ІІІ орындар мен ынталандыру жүлделерімен марапатталады.

«Фестивалға қатысуға талап білдіргендердің арасынан іріктелген үміткерлердің қатарына бұл жолы  Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей және Түркия елдерінде туған жастар еніп отыр.

Олардың арасында бұл шараға бұған дейін де қатысқандар мен алғаш рет бақ сынағалы отырғандар жеткілікті», - дейді ұйымдастыру тобының мүшесі Серік Рәсілов.

Оның айтуынша, суретшілер мен термешілер еркін тақырыпта, ал ақындар мүшәйраға ұсынылатын 3 өлеңінің екеуін отаншылдық пен Зуқа батырдың 150 жылдығына арнауы міндетті болып отыр. Сондай-ақ онда жеңімпаздар ғана емес барлық қатысушылар да сый-сыяпаттан құр қалмайды деп жоспарлануда. 

Соңғы жаңалықтар