Алматыда шала туған шақалақтардың 98 пайызы аман қалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда еріктілер ұйымы Халықаралық шала туған нәрестелер күні қарсаңында шақалақтарға жылы киім  тоқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын елімізде туылған балалардың 10-12%-ға жуығы дүниеге мерзімінен бұрын келеді. Оларды күтіп-бағу ата-анасы мен дәрігерлерге жүктеледі. Сәбилер алғашқы 2-3 айда денсаулығы мен салмағына байланысты ауруханада болады. Нәрестелердің терісі толығымен дамымағандықтан, көбінесе шақалақтар тоңғақ келеді.

 «Нити добра» клубының еріктілері шала туған балаларға арнап 70 арнайы тоқыма киім тоқып берді. Киімдер жас аналарға қалалық перинаталдық орталықта және перинатология және балалар кардиохирургия орталығында тапсырылды. Акция «АЯЛА» қайырымдылық қорының қолдауымен өткізілді.

Атап айтқанда, сәбилерге шұлық, кеудеше, бас киім, жылы орамал және алғашқы ойыншықтары - сегізаяқ берілді. Бүгін орталыққа кезінде ай-күні жетпей туған балалар да келді. Қазір олар өсіп, балабақшаларға және мектептерге барып жүр.

 «Медицина - өте күрделі ғылым. Кей жағдайда жаңа туған нәрестенің дене қызуын төмендету қажет, ал кейде бала тоңбауға тиіс. «АЯЛА» қоры біздің неонатологтармен, шетелдік профессорлармен ынтымақтастықта проблеманы шешуге кешенді қарауға тырысады. «Нити добра» - ерікті жоба, ол біздің қорымыздың тұжырымдамасы - Қазақстанда қайырымдылық мәдениетін және дәстүрін дамыту ісіне толығымен сәйкес келеді», - деді «АЯЛА» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

«Бүгінде біздің орталықта босанған әйелдердің 10 пайызы мерзімінен бұрын туады. Нәрестелердің 98-99%-ы аман қалады. Орта есеппен алғанда 800-1000  шала туған баланың 750- 950 өсіп кетеді. 2000 жылдардың басында 50% ғана аман қалатын. Бүгінде статистика екі есеге жақсарды», - деді орталықтың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Айнұрым Сарбас.

 «АЯЛА» қоры «Тыныс ал, балақай» жобасының шеңберінде 2009 - 2016 жылдар аралығында перинаталдық орталығы мен Алматы қаласындағы перинатология және педиатриялық кардиохирургия орталығының балалар жан сақтау бөлімшелеріне құны 100,2 млн. теңге болатын заманауи медициналық аппаратура сыйға тартқан болатын. Бұл медициналық жабдық Алматы қаласындағы нәрестелер өлімінің деңгейін төмендетуге көмектесті.

Соңғы жаңалықтар