Алматыда өтетін «Star of Asia» музыкалық шоуы 118 елде көрсетіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 19 және 20 тамыз күндері «Медеу» мұз айдынында өтетін «Star of Asia» халықаралық фестивалі 118 елде тікелей эфирден көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, музыкалық шоуды тікелей эфирден жер шарының 118 елі көретін болады. Мәдени шараны АҚШ, Канада, Франция, Германия, Корея, Жапония, Ресей, Қытай және басқа да елдердің телеарналары таратуды жоспарлауда. Бұлардан өзге, «Star of Asia» фестивалін  түсіру үшін Алматыға  арнайы келген «Еuronews» телеарнасы да көрсетеді.

«Музыка фестивалі көпшілікті қызықтырып отыр, мысалы, шоуға қатысатын артистермен бірге  өте танымал шетелдік журналистер мен блогерлер де келетін болды.Олар Алматы және фестиваль туралы жазады. Осылайша, әлемнің әр түкпірінде тұратын адамдар қаламыз туралы мәлімет алады. Бұл, қалаға  келетін туристер санын арттырып, экономикаға оң ықпал  етпек», - деді шараны ұйымдастырушылар.

Алматыда мұндай  форматтағы музыкалық фестиваль алғаш рет өтеді әрі ол «Азия дауысы» конкурсы дәстүрінің символикалық жалғасына айналады. Мәдени шара ҚР Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған  және Қала  күніне  арналаған қомақты шаралардың бастауы.

«Медеу» мұз айдынына Қытайдың, Түркияның, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Индияның және басқа да шет мемлекеттердің танымал әншілері келеді. Олдардың арасында оңтүстік кореялық «U-KISS» К-рор тобы, Индияның әншісі Sanah Moidutty, түрік жұлдызы Murat Boz бар. Қазақстандық өнер иелерінің арасында МузАРТ, Кайрат Нұртас, Айқын, Мәдина Сәдуақасова, Кәмшат Жолдыбаева, Ерке Есмахан, Әли Окапов және басқалары бар.

«Star of Asia»  фестиваліне көрермендерді жеткізу сағат 23:30-ға дейін жалғасады. Көрермендер үшін арнайы автобустар ұйымдастырылып, әр нүктеден 20 көлік қатынайды.

Автобус жүретін нүктелер:  Абай даңғылы, 48/1 Орталық стадионның маңы және  Достық даңғылы мен Құрманғазы көшесінің бұрышы. Жолаушылар көлігі сағат 16:00-ден 18:30-ға дейін жүреді. «Медеуден» автобустар сағат 22.00-ден 23.30 аралығында кері  қайтады. Жолақы - 150 теңге.

Биік тау шатқалындағы ауа температурасы қаладағыдан төмен әрі мәдени шара өтетін күндері жауын жауып, жел тұруы мүмкін. Осыған орай ұйымдастырушылар қонақтарға арнап жауын плащтарын дайындап қойды. 

Соңғы жаңалықтар