Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 330.29
EUR 387.27
RUB 5.56
CNY 49.80

Алматыда Мәншүк Мәметова оқыған мектепте батырдың мүсіні ашылды

Алматыда Мәншүк Мәметова оқыған мектепте батырдың мүсіні ашылды
2017 жылғы 15 қараша 15:10 358

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттер шеңберінде Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына арналған мүсін ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Салтанатты шараға оставкадағы полковник, Алматы қаласының Құрметті азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Мәншүк Мәметованың майдандасы  Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев, Мәншүк Мәметованың майдандасы, 100-батальонның телефонисі, ҚазКСР Халық ағарту ісінің үздігі, Білім беру мен педагогика саласындағы еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері атанған Бекбосын Исатайұлы Кереев, Мәншүк Мәметованың сіңлісі Айман Мәметова қатысты.

Мүсін авторы - Тілеуберді Бинашев.

Айта кету керек, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова бұл мектепте 1931-38 жылдары білім алған болатын.

Аталған мектептен майдан алаңына мектеп директоры Геннадий Званцев бастаған 120 оқушы мен оқытушы аттанған. Солардың ішінен 3 адам: Владимир Засдко, Владимир Бреусов, Мәншүк Мәметова Кеңес Одағының Батыры атанды.

Мәншүк Мәметованың майдандасы Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев майдан жылдарын былай еске алды.

«Мектеп басшылығына ризалығымды білдіргім келеді. Ұжым ешқашан Мәншүк қызды естен шығарған емес. Мұнда музей ашты, ескерткіш тұрғызды, бүгін мүсінін ашып жатыр. Біз 100 бригаданың әскерилері алғыс білдіреміз. Мәншүк майданға 6 рет сұранып, аттанған. 18 жастағы қаршадай қыз қалың оттың арасына қорықпай барып, жаралы сарбаздарды сүйреп шығатын. Мен ең алғаш жараланғанда ол менің жарамды таңып, санитарлық батальонға салып жіберген. Бәріміз бірге Невель қаласының түбінде шайқастық. Мәншүк 21 жасында жарықшақ тиіп көз жұмды. Қазақстаннан барған 100 адамның тек 37-і ғана тірі оралды», - деді ол.

Қарияның айтуынша, Мәншүктің соғысқа барғандағы мақсаты 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен әкесін ақтап алу болған екен.

Ұлы Отан соғысы жылдарында мектеп директоры Геннадий Фадеевич Званцев бастаған осы мектептің 120 оқушысы мен мұғалімі соғыс даласына аттанған. Майданда көрсеткен ерлігі үшін мектебіміздің оқушылары Владимир Засядкоға, Владимир Бреусовке, Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1978 жылы мектепте майдан даңқына арналған музей жасалды. Музейді Мәншүктің анасы Әмина Сүлейменқызы ашты.

1978 жылы құрылған музей оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Мұғалімдер мен оқушылардың өз қолымен жасаған мұражайы - Отан үшін опат болған ұрпақтың алдындағы парызын өтеудің көрінісі іспеттес. Қасық қаны қалғанша жері үшін күрескен батырларымыз біздің санамызда мәңгілік жасайды.

Мұражайға Ұлы Отан соғысы жылдарындағы үшбұрыш хат, ресми құжаттар, фотосуреттер сияқты әртүрлі құнды экспонаттар қойылған. Бұл жерде қару, снаряд, әртүрлі оқтар, соғыс болған жерден әкелінген топырақ сақтаулы.

 

 

Басты сөздер: Рухани жаңғыру, Мәдениет, Алматы, Жеңіс күні,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер