Алматыда қызанақты топырақсыз өсіретін болды

None
None
 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қызанақ өсіретін жылыжай кешенінің құрылысы басталады. Ауданы 8 гектарды құрайтын жаңа нысан Алатау ауданы Индустриялды аймағының аумағында орналаспақ. Осы және өзге де 5 инновациялық жобаны бүгін өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба авторларының айтуынша, қызанақтардың сапасы өте жоғары болады. Өйткені, өндірісте голландиялық жабдықтар пайдаланылмақ. Жылыжай кешенінде көкөністер жыл бойы үздіксіз «гидропоника» тәсілімен, яғни, топырақсыз өсірілетін болады.

Көшетке қосымша жарық беру, тұмандату, перделеу жүйесі, себелеп суару секілді бірқатар инновациялық тәсілдерді қолдану да қарастырылған.

Сондай-ақ, пайдаланылған суды тазарту жүйесі көзделген. Ол су шығынының екі есеге жуығын үнемдеуге мүмкіндік береді. Жылыжайда жылына 5 000 тоннадан астам қызанақ өсіріледі.

Жаңа кәсіпорын іске қосылғанда 105 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Мамандардың айтуынша, бұған дейінгі көптеген жылыжайларда ескірген технологиялар қолданылған. 1970-1990 жылдардағы жылыжайларда көкөністер сәуірден қазанға дейінгі уақытта өсіріліп отырған. Нақтырақ айтқанда, қыс айларында қызанақ шетелден жеткізіліп келген.

Сондай-ақ, үйлестіру кеңесі «ҚҚЖЗ - Қазақстан құбыр желісі жабдықтарының зауыты» ЖШС-ның жапқыш арматура өндірісі жобасын да таныстырды.

Инновациялық жобаны индустриялдық аймақта жүзеге асыру өнім көлемін 2 есеге арттыруға, сондай-ақ қосымша 150 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Сарапшылар талқысына түскен келесі жоба тоңазытылған қамыр өндірісі болды.

«GROUPNAK 8» ЖШС нан-тоқаш өнімдерінің өндірісінде неміс технологиясын пайдаланатын болады.

Кәсіпорын жылына 720 тонна тоңазытылған қамыр шығарып, қара және ақ, Ciabata итальян наны, француз багеттері, қытырлақ нан, ішіне тәтті салынған бөлкелер, француз круассандары, кекстер және маффина пісірмек.

Сондай-ақ, индустриялдық аймаққа «Үлгі Құрылыс» пластикалық терезелер өндірісі, «Гарант Бетон» ЖШС автоклавты газды бетон өндірісі, «ҚазМонолит Групп» ЖШС металл ауа құбырлары өндірісі енді.

Соңғы жаңалықтар