Алматыда қымбат вискиге су қосып сатқандар ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 0,7 литрі 18 000 теңге тұратын вискиді қолдан жасап келгендер ұсталды. Астыртын цехта жұмысшылар  ирланд вискиіне арзан тұратын ішімдіктерді араластырып отырған. 

Қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде станок, бөтелкелер, қақпақтар тәркіленді. Бұл құралдардың барлығы Қытайдан алынған.

Қолдан жасалған ішімдіктер қаладағы түнгі клуб, барларға арзан бағаға жеткізіліп отырған.

Аталған дерекке байланысты ҚР ҚК 233-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.

Айта кету керек, департаменттің экономикалық тексеру қызметі «Көлеңкелі экономикамен күрес акциясы» аясында  жыл басынан бері 12 астыртын цехты әшкерелеген.

Көлеңкелі айналымнан 462 мың бөтелке ішімдік, 236 мың жалған есептік марка, құны 90 млн теңге болатын 336 мың қорап темекі алынды.

Сонымен қатар, мамандар Қытайдан жалған есептік бақылау маркаларын тасымалдаумен айналысқан топты қолға түсірді.

Олар контрафактілік өнім дйындауға арналған барлық құралдарды жеткізіп отырған. 

Соңғы жаңалықтар