Алматыда көркем гимнастикадан «Kerbez Cup» халықаралық чемпионаты басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Достық» спорт кешенінде көркем гимнастикадан «Kerbez Cup» ашық халықаралық чемпионат туын желбіретті. Байрақты бәсекеде 2001-2015 жылдары туған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қытай және Қырғызстан елдерінен келген 600 спортшы өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды спорт хабі.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақтар Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев, «Kerbez» мектебінің директоры Заира Жакупова және көркем гимнастикадан халықаралық төрешілер қатысты. Олар барлығын көктем мерекесімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жарыстың ашылу рәсімінде қатысушылар көрермендерді Наурыз мерексіне орай әсем билерін ұсынып, өнерлерін көрсетті.

«Баршаңызды ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Мен көркем гимнастика Федерациясы президенті және Басқарма басшысы ретінде осы спорт түрінің қарқынды дамуына атсалысатын боламын. Көркем гимнастика қалада дамып келеді, қыздардың денсаулығына да пайдалы. Барлық гимнастшыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тілеймін», - деп бөлісті Әбіл Дөңбаев.

Жарыстың бірінші күні кішкентай бүлдіршіндер жарыс жолына шықты. Олардың өнерлері көрермендерді бейжай қалдырмады. Жастары кіші болғанымен, әдемі жүріс, ерекше киім үлгісі, ырғақпен қозғалуды билермен үйлестіріп, барлығына керемет әсер сыйлады.

Чемпионат ұйымдастырушысы және «Kerbez» мектеп директоры Заира Жакупова атап өткендей, біздің қыздар көркем гимнастикадан Олимпиада чемпионы Маргарита Мамунмен жаттығатынына аса қуанышты екендігін атап өтті.

«Біздің чемпионатқа үш, төрт жастағы кішкентай гимнастшылардан спорт шеберлеріне дейін қатысып жатыр. Чемпионаттан кейін, Маргарита Мамун және оның бапкерінің қатысуымен шеберлік сабағы өтеді. Мұндай шара Алматыда өтіп жатқаны қуантарлық жайт, тәрбиеленушілеріміз Олимпиада чемпионынан сабақ алып, жаттығуға мүмкіндік алады», - деп атап өтті Заира Жакупова.

Айта кетер жайт, жарыс үш күнге созылады, чемпионат нәтижелері наурыздың 23-і күні белгілі болады. Салтанаттың жабылу рәсіміне Маргарита Мамун мен Алия Юсупова қатысады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Соңғы жаңалықтар