Алматыда Қазақстанда ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мәселесі талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты «Ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мен жандандыру» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел жұмысына белгілі отандық сарапшылар мен саясаттанушылар қатысты. Олардың қатарында: Айдар Әміребаев - Қолданбалы саясаттану мен халықаралық зерттеулер орталығының жетекшісі; Айдос Сарым - саясаттанушы; Рүстем Қадыржанов - ҚР БҒМ ҒК философия, саясаттану және дінтану институты саясаттану бөлімінің этносаяси зерттеулер секторының меңгерушісі; Қанат Нұров - «Аспандау» қорының президенті; Бөріхан Нұрмұхамедов - саясаттанушы; Дәурен Сәкенұлы - «Рейтинг.KZ» зерттеу агенттігінің директоры.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мен жандандыру және жүзеге асыру мәселелерін, сонымен қатар, бұл процесске әсер ететін факторлардың алдын-алуды талқылады.

Сарапшылардың айтуынша, урбанизация мен мәдени жаһандану процесстеріне байланысты өзгеріп отыратын қоғам мен қоғамдық сананың дағдылануы әлеуметтік-экономикалық жетістіктің маңызды көрсеткіші болып табылады. Сондай-ақ, қатысушылар ұлттық мәдени код пен ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сананың әртүрлі полюстерін келістіру де өте маңызды шарт екенін атап өтті.

Жалпы, пікірталасқа қатысқан мамандар біздің қоғамға қатысты жаңғырту жұмыстары қалай жүзеге асатынын әлі де түбегейлі зертеу керектігін айтты. Олардың сөзінше, ұлттық бірегейлікке қатысты жаңғырту процессі барысында туындайтын ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерге көп көңіл бөлу керек.

Атап өтейік, ӘЭСИ пікірталас алаңы Ұлт Көшбасшысының стратегиялық идеяларын насихаттау мен оларды жүзеге асырудағы тәжірибелік жолдарды қалыптастыру мақсатында жұмыс жасап келеді.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының жанындағы әлемдік экономика және саясат институты 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. ӘЭСИ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті құру мен қалыптастыру, халықаралық серіктестікті дамыту, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы елеулі еңбектерін зерттейді. ӘЭСИ ғылыми және аналитикалық жұмыстары ұлттық, әлемдік экономиканың, халықаралық қарым-қатынастың, геосаясаттың, қауіпсіздіктің, интеграцияның, қазақстандық қауымдастықтың әлеуметтің шоғырын, сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының стратегиялық бастамаларының ауқымды спектрін қамтиды. 2014 жылдан бастап ӘЭСИ Астанадағы «Назарбаев орталығы» ғимаратында жұмыс жасауда. 

Соңғы жаңалықтар