Алматыда гендік ауруларды емдейтін үздік ағылшын дәрігерлері семинар өткізуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Ұлыбританияның гендік ауруларды емдеу бойынша тәжірибелі мамандары аймақтардан келген 100-ден астам дәрігерге семинар өткізуде. Шара «Балалардағы муковисцидозды диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы баспасөз қызметі келтірген дерек бойынша, бүгінде Қазақстанда ресми түрде муковисцидозға шалдыққан 105 науқас тіркелген.

«Әр бала сапалы ем алып, ұзақ өмір сүруге құқылы. Шараны өткізудегі басты мақсатымыз ҚР дәрігерлерінің біліктілігін арттырып, осы дертке медициналық қоғамдастықтың назарын аударту», - дейді «Муковисцидозбен ауыратын мүгедек балалар» ҚБ басшысы Индира Ізбасарова.

Оның айтуынша, гендік ауруға шалдыққан науқастарды емдеу бүкіл әлемде ерекше қымбат және әлемнің барлық дамыған елдерінде арнайы Мемлекеттік бағдарламалармен қамтамасыз етіледі.

Екі күндік семинарды жүргізуге Грейт Ормонд-стрит және Бромптон Корольдық ауруханаларының жетекші дәрігерлері Иен Бальфур-Лин, Аммани Прасад, Сьюзан Мэдж, Милан Мацек, Сьюзи Кенни және Дүниежүзілік муковисцидоз ұйымының Президенті Терри Стюарт мырзаның өзі келді. Шетел мамандары науқас балаларды дұрыс күту мен тамақтандыру бойынша кеңестер береді.

Біліктілікті арттыру мақсатында өтіп жатқан семинарға педиатриялық қызметтің 100-ден астам дәрігерлері: пульмонологтар, диетологтар, гастроэнтерологтар, сонымен қатар, Қазақстан республикасының барлық аймақтарынан сирек (орфандық) аурулар бойынша өңірлік үйлестірушілер мен медициналық ЖОО студенттері қатысуда.

Айта кетейік, аталмыш шара аясында 26 сәуір күні шетелдік қонақтар ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, сирек ауруларға шалдыққан балалардың ата-аналарымен кездеседі. Кездесу аясында №2 қалалық балалар емханасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері және клиника дәрігерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтеді. Онда балалардағы муковисцидозды диагностикалау мен емдеу, ауруды диагностикалаудың медициналық-генетикалық мәселелері, емдеу және дәрілік заттармен қамтамасыз ету, кинезитерапия және науқасты оңалту мәселелері талқыланып, оқыту дәрісі бойынша қорытынды шығарылады.

Сондай-ақ,  Қазақстанда муковисцидоз орталығын салу жайын талқылау жоспарланған.

Жолдас Өрісбаев

Соңғы жаңалықтар