Алматыда газбен жүретін «Mercedes-Benz» автобусы жолаушы тасымалдайтын болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы көшелерінде газбен жүретін «Mercedes-Benz» автобусы жолаушы тасымалдайтын болады. Газбен жүретін автобус үш ай бойына «Алматыэлектротранс» ЖШС қызмет көрсететін №12 бағытта және «Green Bus Company» ЖШС-тің бір бағытында жүретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Немістің «Daimler AG» концерні Алматы тасымалдаушыларына газбен жүретін автобусты көлік бағыттарында тестен өткізуді ұсынды.

Жұмыс сапары барысында мегаполис әкімі Бауыржан Байбек «Евро-6» экологиялық сыныпқа жататын «Mercedes-Benz» маркалы автобустарды көрді.

«Daimler AG»  коцерні  газ қозғалтқыштарын жасайтын  әлемдегі жалғыз компания болып табылады, ал қалған өндірушілердің барлығы дизельді двигательдерде газ қондырғыларын пайдаланады.

Ұзындығы 12 метрлік төмен еденді,  кондиционермен, пандуспен, инфрақызыл сәулелерді өткізбейтін әйнекпен жабдықталған автобус 100-ден астам жолаушы тасымалдай алады.

«Тәуелсіздік жылдары қалада 20 автопарк жұмыс істегенімен, бұл саланы дамытуға қаржы бөлінбеді. Оның басым бөлігі көлеңкелі секторда болды, бірақ қазіргі кезде  кемшіліктер жойылып, жауапкершіліктерін жете түсінетін компаниялардың дамуына мүмкіндіктер жасалып жатыр. «Mercedes-Benz» маркалы көліктер сапалы әрі  бағасы да жоғары, қалалықтар тиісті сервис болса қоғамдық көлікті пайдалануға ниетті. Сондықтан экономикалық тұрғыдан алғанда компанияның болашағы бар», - деді  Бауыржан Байбек.

Қазақстандағы «Daimler AG»  концерні ресми дистрибьютерінің өкілі Андрей Кунах Алматыдағы жолаушылар тасымалына неміс өндірушілерінің қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. 

«Компания қалада оң өзгерістер жасап жатыр. Нарық барынша ашық бола бастады әрі  қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. «Mercedes»  автобусын  тесттен өткізу болашақта ынтымақтастық орнатуға бастама болады деп ойлаймын», - деді  Андрей Кунах.

"Мерседес автобустары көптеген  елдерде  жақсы нəтиже көрсетті. Өзгелерге қарағанда осы көлікті  шығарушыларға ұзақ кепілдік беріледі әрі бұлардың сервистік қызметі де жақсы. Қазіргі кезде біз Алматы жағдайында автобустарды тестілеуден өткізіп, оның қорытындысы бойынша нақтылы шешім шығарамыз.  Жылжымалы составты жаңартқан тасымалдаушыларға әкімдік тарапынан субсидия төленетінін, ал газбен жүретін көлік субсидиясы сомасының жоғары болатынын ескерсек, онда «Мерседес» маркалы автобустармен өз автопаркімізді жаңарту тиімді болар еді», - деді  «Green Bus Company» ЖШС директоры Бауыржан Кулишев.

Айта кету керек, Алматыда  №12, 22, 50, 56, 65, 69, 70, 86, 95, 103, 112, 115, 124, 126, 127, 131, 137 бағыттары бойынша жаңа автобустар жолға шығып, №77 бағыт қайта  жаңарып, №1 бағыт пен  №201 магистральды бағыты ашылған еді. Көрші облыстан қалаға қосылған елді мекендерді көлікпен толық қамту үшін 10 бағыт ашылған болатын.

Соңғы жаңалықтар