Алматыда діни рәсімдерге балаларды қатыстырған 4 бірлестік хатшысы жазаланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда діни рәсімдерге кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуына жол берген 4 діни бірлестіктің басшысына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Есенбеков Айдар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«16 жасқа толмаған балаларды ата-анасының бірінің келісімінсіз діни рәсімдерге қатыстыру заңмен қудаланады. Алматыда осындай 4 жағдай болды. 9-15 жастағы балалардың ата-аналары діни рәсімдерге қатысуға қарсылық білдіріп, сотқа жүгінген. Атап айтқанда, балалар Ехоба куәгерлері, протестанттық діндегі «Источник жизни» ұйымдарының рәсімдеріне заңсыз қатысқан. Өздеріңізге белгілі, осыдан бірнеше жыл бұрын балалардың, студенттердің жұма кезінде сабақтан қалуы жиі белең алып кетті. Енді осы мәселеге қатысты дін саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілетін болады», - деді Айдар Есенбеков.

 Оның айтуынша, жалпы алғанда Алматыда былтыр ҚР ӘқК 490 бабы бойынша 36 әкімшілік хаттама толтырылды.

«Соның ішіндегі діни мазмұндағы әдебиеттерді тарату бойынша - 14, діни рәсімдерді белгіленген орындардан тыс өткізу - 6, жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз миссионерлік қызметті жүзеге асыру - 12, діни рәсімдерге кәмелет жасқа толмағандардың қатысуы бөлігінде діни бірлестік тарапынан шара қабылдамауы бойынша 4 әкімшілік хаттама толтырылды», - деді ол.

Аталған істер бойынша барлығы 3 784 050 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Соңғы жаңалықтар