Алматыда ботаникалық бақтың қоршауы сүрілмейтін болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы билігі бір айдан бері жаппай қоршауларды сүруге кіріскен еді. Қала билігі биік қоршаулар қаланың эстетикалық бейнесін бұзады деп санайды. Ал, күрделі ғылыми жұмыстар жүретін ғылыми ұйымдардың қоршауының тағдыры қандай болады? Бұл туралы бүгін Ғылым ордасында өткен жиында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғылыми институт басшылары әкімдік қоршауларды міндетті түрде сүруге мәжбүрлеп отырған жоқ дейді.

Алматының мақтанышы - 85 жылдық тарихы бар ботаникалық бақтың қоршауы сақталады.

«Ерекше күзетте болуы тиіс табиғат аймақтары туралы заңға сәйкес қоршауларды сақтап қалуға болады. Біздің ұйым сол санаттағы ұйымдарға жатады», - деді ҚР БҒМ ҒК «Ботаника мен фитоинтродукция институтының» бас директоры Гүлнар Ситпаева.

Ғалымдар барлық ұйымдарда бірдей қоршау сақталмайтынын айтты.

«ҚР ҰҒА Органикалық катализ және электрохимия институтының қоршауы сүріледі. Алайда біз тек жасыл желек өсіп тұрған жақты алып тастадық. Көгалдандыру бағдарламасының авторы Иса Байтулин 10 жыл бұрын жасыл желек отырғызған еді. Қазір ағаштар биіктеп кетті. Сол жағында қоршау жоқ. Ал химиялық реактивтер тұрған қойманы қоршап қойдық. Себебі бұл адамдар үшін қауіпті»,- деді ҚР ҰҒА президенті, институт директоры Мұрат Жұрынов.

Қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы мәлім еткендей, тек қоғамдық пайдалануға кедергі келтіріп отырған қоршаулар ғана алынып тасталады. Мәселен, саябақ, сквер, үй айналасындағы, бизнес орталықтардағы, сауда орындарындағы қоршаулар бұзылады. Негізгі мақсат орталық және магистральды көшелердегі қала көркін бұзып тұрған қоршауларды алып тастау болып отыр. 

Мектеп, балабақша, басқа да күзетуді талап ететін әлеуметтік нысандардың, құқық қорғау органдары, ІІБ, прокуратура, әскери бөлімдер орналасқан ғимараттардың қоршауы алынбайды.

Соңғы жаңалықтар