Алматыда білім саласындағы жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсе ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кешенінде білім саласындағы жемқорлықпен күрес бойынша «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесі ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтің айтуынша, ашылған кеңсенің мақсаты білім саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жүзеге асырудың жүйелік негізін құру.

«Біз барлық білім беру мекемелерінің ұжымдарын жемқорлықтан таза қоғам идеясы бойынша біріктіруіміз керек, осыған сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресудің ішкі тәсілдеріне осы жобаны қолдана аламыз. Алматының тәжірибесі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы біздің жұмысымыздың қуатты плацдармы болады деп үміттенеміз»,-деді Алик Шпекбаев.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек аталмыш кеңсе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі заманауи технологиялар мен жаңа тәсілдер қолданылатын алаңға айналатынын айтты.

«Біздің міндетіміз - сыбайлас жемқорлықты әлеуметтік құбылыс ретінде қабылдамауға бағытталған қоғам құру», - деді Алматы әкімі.
Қазіргі Агенттік офис қызметкерлерін жобаларды басқару негіздері бойынша оқытып жатыр. Жоба офисінің басшысы ретінде Қайыржан Тоқышев тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар