Алматыда Азиядағы беделді ықпалдастық ұйымының 25 жылдығы аталып өтілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылғанына 25 толуына орай халықаралық-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес: 25 жыл серіктестік пен қауіпсіздік жолымен» атты АӨСШК құрылуының 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтті. 

Шараны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, АӨСШК хатшылығы, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Өкілдігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырды.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекеттік құрылымдардың, академиялық және эксперттік қоғамдастықтың өкілдерімен қатар жас ғалымдар қатысты.

Конференцияда баяндама жасаған Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Чжан Вэй: «АӨСШК-нің құрылуы егемендікті, теңдік пен аумақтық тұтастықты сақтау, ішкі саясатты құрметтеу және халықаралық қатынастардың негізгі нормалары ретінде жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу сынды бейбітшілік пен ынтымақтастықтың негізгі мақсаттарын анықтап берді. Ұлттық құрамы, діни көзқарасы, саяси жүйелері, тарихы мен мәдениеті, географиялық ортасы және басқа да аспектілер бойынша үлкен айырмашылықтары бар елдер үшін ұйым болашақта Азияның қауіпсіздігі мен дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын болады», - деді ол.

 Конференция шеңберінде АӨСШК халықаралық бірден-бір форум ретіндегі рөлі мен Азиядағы қауіпсіздік пен серіктестік жөніндегі сұрақтар, жаһандану талаптарына сай жаңа сын-тегеуріндердің өзекті мәселелерін шешу мен оларға жауап іздеу жолында мемлекеттердің бірігіп әрекет етуіндегі халықаралық институттардың маңыздылығын арттыру мәселелері қарастырылады.

Сондай-ақ, шарада АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Гун Цзяньвэй, ЮНЕСКО бюросының директоры Криста Пиккат және басқа да БҰҰ тұрақты өкілдерінің баядамалары тыңдалып, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың арнайы құттықтау хаты оқылды.

Еске сала кетейік, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев алғаш рет 1992 жылы 5 қазанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында көтерген болатын. 


Фото akorda.kz

Соңғы жаңалықтар