Алматыда автобус жүргізушісіне қол жұмсаған ер адам қамауға алынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда автобус жүргізушісіне қол жұмсаған ер адам 10 тәулікке қамауға алынды. Оны қамауға алу туралы қаулыны Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді ұсақ бұзақылық ретінде тағайындалған әкімшілік жазаны Әбдіназаров арнайы қамау орнында өтейтін болады.

«Әбдіназаров ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, сот қаулысымен 10 тәулікке қамауға алынды. Оны қамауға алу мерзімі 19 қаңтардан басталады», - делінген сот қаулысында.

Еске сала кетейік, 18 қаңтар күні Ниссан көлігін тізгіндеген жүргізуші қоғамдық көлікке арналған жолаққа өтіп, жол апатына себепкер бола жаздаған. Онысымен қоймай, автобусты тоқтатып, оның жүргізушісіне жұдырығын ала жүгірген. Оқиға куәгерлері жанжалды бейнеге түсіріп, Инстаграм әлеуметтік желісіне жариялаған болатын. Осыдан кейін, сол күні 18 қаңтарда Алматы қаласы ІІД Тергеу бөлімі кінәліні тауып алып, Алмалы аудандық ІІД-не жеткізген. Сол жерде оны ҚР ӘҚБК-нің 434-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік жазаға тартқан болатын.

Соңғы жаңалықтар