Алматыда автобус жүргізушісін ұрған жігіт ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда көшенің ортасында автобустың жүргізушісін жұдырықтаған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ер адам Алмалы аудандық ІІБ жеткізілді.

Бұл туралы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.

«Әбдіназаров Е. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы болып шықты. Оған қатысты Әкімшілік кодекстің 601-бабы (жол белгісін бұзып, автобус жолағына шығып кету), 606-бабы (апаттық жағдай туғызу), 612-бабының 2-бөлімі (көлікті құжатсыз жүргізу) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзған адам 2017 жылдың мамырында 9 айға көлік жүргізу құқығынан айрылғаны белгілі болды», - деді С.Әзірбек.

Сонымен қатар, ұсталған адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін де әкімшілік жазаға тартылды. Осы үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеп немесе 10 тәулікке қамалуы мүмкін.

Іс материалдары сотқа жіберілді.

Әбдіназаровтың көлігі айып тұрағына қойылды.

Айта кету керек, Nissan тізгіндеген ер адам мен автобус жүргізушісі жолға таласып, жанжалдасып қалған.

Ерегіскен жеңіл көлік иесі жолда тоқтай қалып автобус
жүргізушісін сыртқа шығарып алып балағаттап, бетінен ұрған.

Инстаграмның kris_p_almaty паблигінде жарияланған видео әлеуметтік желіде қолданушылардың наразылығын тудырды.

Олар полициядан бұл құқықбұзушылыққа араласуды өтінді.  

Соңғы жаңалықтар