Алматыда аудандық көші-қон полициясының экс-басшысы сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алмалы аудандық көші-қон полициясының бұрынғы басшысы Талғат Арғынбеков сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, лауазымды тұлға өзінің сыбайластарымен бірлесе отырып шетелдік азаматтардың еңбек күшін заңсыз пайдаланғандарға көмек көрсетіп келген.

Оған ҚР ҚК 262-бабының 3-бөлігімен (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу), 366-бабының 4-бөлігімен (пара алу), 361-бабының 2-бөлігімен (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) айып тағылды.

Т.Арғынбеков 2016 жылдың наурыз-қараша аралығында М.Ханмен алдын ала ымыраласа отырып шет ел азаматтарының заңсыз еңбек қызметіне қорғаншылығы үшін 2 836 200 теңге пара алғандығы анықталған. Ал М.Хан делдалдық қызмет көрсеткен.

Алматы қаласында орналасқан «Базилик» асханасының басшысы А.Гордиюк лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 1 500 000 теңге болатын пара берген.

Сот үкімімен Т.Арғынбеков мүлкі тәркілене отырып, 11 жылға бас бостандығынан айрылды. Сондай-ақ сот оның полиция подполковнигі шенінен айырды.

М.Хан ҚР ҚК 28-бабының 5-бөлігімен, 366-бабының 3-бөлігі 2, 4-тармақтарымен мүлкі тәркілене отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Сот «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 4-бабы 2-тармағына сәйкес сотталған Т.Арғынбековке өтелмеген жаза бөлігін қысқартылып, оған түпкілікті 8 жыл 2 ай мерзімге, ал М.Ханға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушыларға жазаларын орта қауіпсіздік жүйесінің қылмыстық-атқару мекемелерінде өтеу белгіленді.

Ал, кәсіпкер А.Гордиюкке ҚР ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігімен мүлкі тәркіленіп, параның отыз еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл 45 000 000 теңге төлейтін болды.

Сот үкімі заңды күшіне енбеген.

Соңғы жаңалықтар