Алматыда АҚШ-тың Қазақстан тәуелсіздігін танығандығы туралы хаттың көшірмесі көрсетілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстанның жасампаздық және жетістік жолы» тақырыбында тарихи-құжаттар көрмесін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараның басты мақсаты - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерін насихаттау мен дәріптеу.

Жиында Алматыдағы АҚШ Консулы Марк Муди Президент мұрағатына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында құрама штаттардың әр жылдардағы президенттерімен түскен суреті бар тарихи фотоқұжаттарды тарту етті. Сонымен қатар, 1991 жылы 26 желтоқсанда АҚШ-тың Қазақстан тәуелсіздігін танығандығы туралы хаттың көшірмесін де табыстады.

«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Орталық Азия шеңберінде ғана емес, бүкіл әлем бойынша жаһандық бастамалардың бастаушысы ретінде танылып отыр. Жаңа замандағы Қазақстан жүйелі реформаларды жүзеге асыра білген, сәтті даму үстіндегі және болашағына сеніммен көз тастап отырған мемлекет. Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылығы еліміздің ХХІ ғасырда дамуының сыртқы саясаттағы көпвекторлылық пен мемлекеттің жасампаз бітімгершілік бастамалары сынды өзекті факторларын анықтады», дейді Президент мұрағатының өкілі Жанар Сатаева.

Көрмеде Президент мұрағатының қорынан Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасу тарихына қатысты заңдық және нормативті құжаттардың мәтіндері, стратегиялық жоспарлар және Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының құжаттары, Тәуелсіздік тарихынан фотохроникалар ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар