Алматы жастарының тұрғын үй алуға мүмкіндігі арта түсті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы жастарының тиімді шарт бойынша тұрғын үй алуға мүмкіндігі арта түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін әкімдікте «Тұрғынүйжинаққұрылысбанкі» АҚ мен қаланың Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы ынтымақтастық туралы тиісті келісімге қол қойды.

Келісімге сәйкес, жастарға арналған «Алматы Жастары» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы барысында 35 жасқа дейінгі алматылықтар жеке пәтерге ие болу үшін жеңілдетілген заемге қол жеткізе алады.

«Алматы Жастары» бағдарламасының басты ерекшелігі пайыздық төлемнің төмендігінде. Көлемі 10 млн. теңгеге дейінгі несие жылына 5%-бен беріледі. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі (3-25 жыл) төлем қабілетіне қарай жеке жасалады.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Алматыда «Жастар жылы» деп жарияланғанын, соның аясында жастардың қаладағы өмірге бейімделуіне, жан-жақты дамуына, тұлға болып қалыптасуына оң ықпал ететін тиісті Жол картасының жүзеге асып жатқандығын атап өтті.

«Бүгінде қалада 35 жасқа дейінгі 800 мың адам тұрып жатыр. Жастар үшін баспана мәселесі барынша өзекті. «Алматы Жастары» атты жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын енгізу үшін қазірдің өзінде жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Оның үстіне, «Алматы Жастары»  бағдарламасы жастарды ынталандырумен қатар қаржының қалада қалуына да ықпал етеді. Жеңілдетілген несиемен тек Алматы қаласындағы үйді сатып алуға болады. Яғни, осы қаржы есебінен құрылысшылар мен жұмысшыларға жалақы төленеді, кәсіпорындарға тапсырыс беріледі, құрылыс компаниялары қала бюджетіне салық төлейді», -деді Б.Байбек.

Айта кетерлігі, бағдарлама жұмыс істейтін жастарды ынталандыруға бағытталған. Қала ұйымдарында жұмыс істейтін жастардың әр жылының өтіліне 1 ұпай есептеледі. Ал егер жас адам әлеуметтік салада, мысалы мектепте немесе балабақшада еңбек етсе, оның еңбек өтілінің ұпайы екі еселенеді. Әлеуметтік мүмкіндігі төмен жандар үшін де жеңілдетілген жағдай жасалған. Олардың қатарына көп балалы отбасылар, 1 және 2 топ мүгедектері, толық емес отбасылар, жетімдер және басқалары кіреді.

Сонымен қатар, қала билігі «Алматы» ӘКК ҰК» АҚ арқылы студенттер үшін жатақхана құрылысын салуды қолға алмақшы.

Қазіргі кезде осы жобаға қатысуға «Алматы Менеджмент Университеті» мен С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық  медицина университеті ниет білдіруде. 

Алматы жастарына қолдау көрсетудің Жол картасы аясында 2020 жылға дейін 12 жатақхана салу жоспарланған. Биылғы жылдың аяғына дейін  төрт жатақхана құрылысы аяқталады.

«Біз тұрғын үй-құрылыс жинағы жүйесінде алғаш рет әкімдікпен салымшыларды қолдауға бағытталған келісімге қол қойып отырмыз. Алматы  бойынша біздің қоржынымыз қомақты. Бүгінгі күні біздің филиалда 147 мың адамның депозиті бар, оның 50 мыңы, біз есептеп көрдік, 20-30 жас аралығындағы жас адамдар. Әрі олардың 13 мыңы биыл келгендер», -  деді  «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова.

Бағдарламаға қатысу үшін 10 күн ішінде өтініш беру қажет.

Оны арнайы almaty-zhastary.kz  сайты арқылы жасауға болады. Авторизация үшін жақын маңдағы ХҚКО-дан электронды цифрлы қолтаңба алу керек. 

Өтініш қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу басталады. Жеңілдетілген несие алудың кандидаттар пулына жас алматылықтарға қолдау білдіретін «Алматы Жастары» бағдарламасының барлық талаптарына сәйкес арнайы ұпай бойынша жүйе арқылы іріктелгендер енеді. Ұпайға некеде тұрған жылы, балалар саны, жұмыс өтілі мен еңбек ететін жері, жеке  кәсіпкерлігі, Алматыда тіркелген мерзімі және басқалары ықпал  етеді. Пул  толық жасалғаннан кейін ғана «Тұрғынқұрылысжинақбанкі» өз жұмысына кіріседі. Банк кандидаттың төлем қабілетін тексеріп, сонан соң  5 % пайыздық жеңілдетілген несие береді. Жастарға берілетін несиенің жалпы көлемі 10 млн теңге. Қарыз тек жаңа үй сатып алуға беріледі, пәтерді бағдарламаға қатысушы өзі таңдайды.

Басты талаптар өтініш беру кезінде қатысушы мен оның жұбайының жасы 35 жастан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұбайлардың тек біреуі ғана қатыса алады.

Ерлі-зайыптылар мен олардың отбасы мүшелерінің (егер олар отбасы болса) Алматы қаласында 1 жылдық тұрақты тіркеуі болуы шарт. Бағдарламаға қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасы аумағында жеке тұрғын немесе арендалық үйлері болмауы тиіс.

Бағдарламаға қатысушы Қазақстан Республикасы аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайын әдейі төмендеткен фактісі жоқ болғаны жөн;

Сондай-ақ қатысушының Алматы қаласындағы жұмыс өтілі жарты жылдан аз болмауы қажет. Бұл талаптар әлеуметтік жағдайы төмен жандарға жүрмейді, олар: 1 және 2 топ мүгедеектері; мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеуші отбасылар; ата- ана қарауынсыз қалған жетімдер; 4 және одан да көп кәмелетке жетпеген балалары бар отбасылар; 1 және одан көп балалары бар толық емес отбасылар.

Соңғы жаңалықтар